ТӘУЕЛСІЗДІК – ұлттың ұлы арманы

95 Views

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін атаған сайын жүрек терең тебіренеді. Бұл күн – ғасырлар бойы армандаған азаттығымызға қол жеткізген қасиетті күн. Бірақ сол бостандықтың артында қаншама ерлік, қаншама қайғы бар екенін ұмытуға бола ма?
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бұл – еркіндік үшін жанын қиған батырлардың қанымен жазылған тарих. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – қазақ жастарының әділет үшін, намыс үшін күресі еді. Сол аязды күндерде Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев секілді өрімдей жастар «Менің елім, менің жерім!» – деп қазақы намыстың ұшқынын көрсетті. Қайрат Рысқұлбековтің:
«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты – құрбандық,
Атам десең атыңдар!» – деген өлеңі жүректі шымырлатады. Бұл сөздер – бір ғана адамның емес, тұтас бір ұлттың ұранына айналған.
Ербол Сыпатаев – Желтоқсан оқиғасының шынайы қаһарманы. Ол алаңға шыққан қазақ қыздарын қорғау жолында ауыр соққы алып, ерлікпен қаза тапты. Ерболдың осы әрекеті – тек жеке ерліктің ғана емес, бүкіл қазақ жігіттеріне үлгі болар батырлықтың бейнесі. Ал Ләззат Асанованың есімі әр қазақ қыздары үшін батылдықтың белгісі. Ол 16 жасында халықтың намысы үшін жанын пида етті. Оның өмірі бізге ұмытылмас сабақ. Тәуелсіздік – құр сөз емес, ол үшін күресу керек, ол үшін еңбек ету керек. Тәуелсіздік бізге еркіндікпен бірге жауапкершілік жүктейді.
Бүгінгі ұрпақ ата-бабамыздың арманын орындап, тәуелсіздікті мәңгі етуі тиіс. Сол үшін әрбіріміз осы қасиетті ұғымды жүрегімізде сақтап, елімізге адал қызмет етуге тиіспіз. Осы орайда бұл мерекенің қалай тойланатынына кішігірім тоқталсақ. Тәуелсіздік күні елімізде зор салтанатпен аталып өтіледі. Астана мен Алматы қалаларында да кең көлемдегі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұран орындалады. Қоғамдық орындарда патриоттық фильмдер мен көрмелер көрсетіледі. Бұл күн – ұлттық бірліктің, еркіндіктің және ата-бабалар аманатының жаңғыруы. Ұлы Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос,» – деген сөзі бүгінгі тәуелсіз елдің ұраны болуы керек. Бірліксіз тәуелсіздіктің ғұмыры қысқа болмақ. Біз – бір атаның баласымыз, бір елдің ұрпағымыз. Сондықтан бірлігімізді сақтап, елдігімізді нығайту – біздің басты борышымыз.
Тәуелсіздік – бабалар рухына тағзым етіп, олардың аманатына адал болуға серт беретін күн. Біз ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік таңын қарсы алдық. Ал енді оны мәңгілік ететін өзіміз.

Ақжан Улухманова,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: