Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті
25 ViewsӨткен жұмада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық…
Баршаңызды ел тарихындағы ерекше мереке – Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз тәуелсіздігін алғаннан кейін билік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында елімізде өкілді орган – мәслихаттар құрып, 1994 жылдың 7 наурызында тұңғыш рет мәслихат сайлауы өткізілді. Міне, осы сәттен бері мәслихаттардың өз тарихы қалыптасты. Аудандық мәслихаттардың алғашқы сессияларынан бастап депутаттар атқарушы органдармен бірлесіп күрделі мәселелерді шешумен айналысып, осы уақыт аралығында халық шаруашылығының түрлі салаларын қайта құрылымдауға, ауданның әлеуметтік саласын тұрақтандыруға бағытталған көптеген бағдарламаларды бекітті.
Осы кезеңде Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының хатшылары болып қызмет атқарған Мәмбеталин Дүйсенбай Кенжалыұлы, Сүлейменов Пазыл Әбілдаұлы, Қалқабай Ахтанберді Нарматұлы, Шамаев Берік Ысқақұлы, Қосалов Шардарбек Әміреқұлұлы, Жаманбаев Тұрсынхан Есімқұлұлы сынды азаматтардың ауданымызды дамытудағы өзіндік орны мен қолтаңбасы бар екенін айта кетуіміз парыз.
Мәслихаттар ең алғаш өз жұмысын бастаған жылдары аудан экономикасының даму деңгейі төмен болғандықтан, тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік нысандар құрылысын салу да өте өзекті сауалдардың бірі болды. Осындай маңызды мәселелерді шешу жолында жергілікті мәслихат депутаттарының еңбегі өте зор. Бірінші шақырылым кезіндегі қол жеткен нәтижелер қаперге алынып, екінші шақырылымның депутаттары жұмыстың жаңаша үрдістерінің негізін қалай отырып, әлеуметтік төлемақы мен жәрдемақылардың уақтылы берілуін кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналдырды.
Үшінші шақырылымда мәслихат жұмысында бірізділік қалыптасып, оның құзіреті мен өкілеттілігі, жұмыс ауқымы кеңейе түсті. Төртінші шақырылымның халық қалаулылары өз қызметтерінде мемлекетіміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік бағдарламалардың ауданымызда орындалуына әсер етті. Осылайша бесінші, алтыншы, жетінші шақырылымда халыққа игі пайдасын тигізетін жұмыстар атқарылып, тарихымызда айрықша қолтаңбасын қалдырды.
2023 жылдың 19 наурызында VIII шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп, Т.Рысқұлов аудандық мәслихатына 14 депутат сайланып, оның ішінде сегізі «AMANAT», екеуі «Қазақстан Халық», біреуі «Ақжол», біреуі «Ауыл» партиясынан және екеуі өзін-өзі ұсынып сайланды. Депутаттар әрбір сессия отырысында маңызды шешімдер қабылдап, ауданымыздың әлеуметтік жағдайын түзеуге ықпал етіп келеді. Халық қалаулыларының назарынан қоғамдағы өткір де өзекті мәселелер мен халықтың талап-тілегі еш уақытта тыс қалған емес.
Өздеріңізге белгілі, барлық деңгейдегі мәслихаттар форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің аңызды тармағы ретінде мәслихаттардың айрықша рөлін атап өтті. Сондықтан Президенттің бастамаларын табысты іске асыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Халқымызда «Қайырымды істің қайыры мол» деген сөз бар. Бүгінге дейін қанша жанның алғысына бөленіп, әр бастамаға тек қолдау білдіріп, әрдайым жақсылық пен жаңашылдықты жолдас еткен депутаттарымыз сайлаушыларына ғана емес, ауданымыздың ардагерлеріне, сондай-ақ, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да көмек қолын созып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – демекші, биылғы көктемді еліміздің біраз өңірлерін су алып, елдігіміз сынға түскен шақта көмек қолын созып, бір кісідей жұмылып, тілеулес болып, нағыз ауызбіршілік пен елдікті көрсеткен халықтың арасында депутаттарымыз да қол ұшын созып көмек көрсетті.
Мәслихаттардың 30 жылдығы өткен істерге марқайып, жинаған іс-тәжірибені бағамдай ой қорытып, есеп беретін кезең ғана емес, бұл алға ауқымды жоспарлар жасап, әлеуметтік дамудың болашақ бағыт-бағдарларын айқындайтын жауапты уақыт.
Мәслихат депутаттары мен әкімдерді мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі екенін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев олардың бірлесе жұмыс істеуі халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал ететінін атап өткен болатын. Аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында бірлесе жұмыс атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында бірқатар оң шешімдер қабылдады. Халықтың талап-тілегіне құлақ түру, кемшіліктермен жұмыс істеудің жаңаша әдіс-тәсілдері қалыптасты. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оны жергілікті билікпен бірлесіп шешу – басты мақсат болып қала береді.
Барлық депутаттар өз қызметінде ай сайын өткізетін қоғамдық қабылдауларда тұрғындардың көтерген немесе өзге де шешімі табылмай жатқан маңызды мәселелер бойынша аудан, ауыл әкімдігімен бірлескен 2023-2025 жылдарға арналған 100-ге жуық депутаттық сауалдар жолданып, бүгінде сауалдар кезең-кезеңімен орындалып, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.
Халықтың сұранысы негізінде аудан орталығында қазіргі заман талабына сай заманауи құралдармен жабдықталған жаңа бір мектеп бой көтерді. Сонымен қатар, Қ.Сәтбаев, Қорағаты орта мектептерінің қазандықтары газбен қамтылды. Спорт, мәдениет салалары да аудан басшылығының назарынан тыс қалмай, Көгершін, Ақыртөбе, Ақбұлақ ауылдарында спорт кешені мен мәдениет үйлері ашылып, халық игілігіне берілді. Елді мекендерде газ бен ауыз сумен қамту жұмыстары үлкен қарқынмен жүргізілуде. Жыл өткен сайын аудан көшелері жарқырап, көшедегі ағаш бағаналар темірбетонды бағаналарға ауысып, түнгі жарық шамдары орнатылуда. Сондай-ақ, өзекті мәселелердің бірі қоғамдық көліктерді қайта жаңғырту бойынша атқарылған жұмыс өздеріңізге мәлім. Алдағы уақытта ауданымыз үшін атқарылатын жұмыстар көп. Сондықтан маңызды мәселелерді ел игілігі үшін тиімді шешу жолында мақсат пен мүдденің ортақ екені айқын.
Мәслихат – жергілікті басқару органы ғана емес, халық пен билік арасындағы алтын көпір десек те қателеспейміз. Сол себепті қай мәслихатты алып қарасаңыз да мемлекет билігімен тізе қосып, елдің талап-тілегін қанағаттандыру, қараша халықтың тұрмысын көтеру мақсатында қызмет атқарып келеді. Сондықтан мемлекетіміздің әлемдік аренадағы абырой-беделін арттыру, ішкі тұрақтылық пен татулықты сақтау, әлеуметтік-экономикалық ахуалды нығайту жолында мәслихаттардың атқарар рөлі ерекше. Сәйкесінше мәслихаттар осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра отырып, көптеген салаларды жандандыра береді деп ойлаймын.
Халық қалаулысы деген абыройлы мәртебеге лайықты болып, еліміздің өркендеуі жолындағы маңызды шешімдер қабылдайтын қызметте депутаттарымыз осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастырады деп сенім білдірді. Әділетті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Ербол Әбутәліпов,
аудандық мәслихаттың төрағасы.