Бюджет бекітіліп, ауылшаруашылығы саласына жоғары баға берілді
Бюджет бекітіліп, ауылшаруашылығы саласына жоғары баға берілді
Өткен аптада аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында алтыншы шақырылған Т.Рысқұлов аудандық мәслихаттың кезекті отыз төртінші сессиясы өтті. Оған аудан басшысы Асқар Қырықбаев бастаған бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Сессия отырысына аудандық мәслихаттың депутаты Мұрат Иманбаев төрағалық етті.
Кезекті отыз төртінші сессияның күн тәртібінде бірнеше мәселелер қаралды. Атап айтар болсақ, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ләззат Сапарбекова «Т.Рысқұлов ауданының 2019-2021 жылдарға арналған бюджетін бекіту туралы» баяндама жасаса, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов «Аудандық ауылшаруашылықты өркендету мен дамытуды қолдау және жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарының барысы туралы» есептік баяндамасын оқыды. Аудандық агро сала бойынша үстіміздегі жылдың соңғы 11 айында атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер жайында баяндаған Ерғазы Жұмабекұлының жұмысына халық қалаулылары жоғары баға берді. Оның өзіндік себебі де бар. Биыл аудандық ауылшарушық қызметкерлері межелеген міндеттердің басым көпшілігін 100%-дан асыра орындады. Бұл жайында аудан әкімі Асқар Қырықбаев жан-жақты айта келіп, оның бәрі аталмыш сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында екендігін жеткізді.
Дегенмен, Ерғазы Еспеновке депутаттар тарапынан ұсыныстар да айтылды. Мәселен, мәслихат депутаты Серік Дәлібаев ауданда тері мен жүн өңдеуді қолға алып, сүт өңдеу жұмыстарын ретке келтіру қажет екендігін атап өтті.
Мәслихат отырысында өзге де мәселелер талқыға салынып, кезекті отыз бесінші сессияның төрағасы болып №12 сайлау округінің депутаты Нұрдос Базарқұлов бір ауыздан сайланды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.