Мәдениет пен өнер – ұлт құндылығы

58 Views

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні

Осы мерекеге орай газетіміздің тілшісі Марат Диханбай арнайы бет әзірледі. Яғни газет тілшісі аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдос Базарқұловпен әңгімелесіп, тілдесті. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Жадыра Жұмағұловадан да блиц-сауал алды. Ендеше, тілшіміз дайындаған материалдар топтамасын газетіміздің бүгінгі санынан оқи аласыздар.

Мәдениет – үлкен сала. Ал, мәдениет дегеніміздің өзі біздің ұғымымызда – адамды тәрбиелеу деген сөз. Расында да солай ғой. Кез келген өнер адамы киелі сахнаның құдіретін ұғынған болса, ол өз елінің халқына ұлттық өнерді дәріптейді. Яғни бәле іздеуге емес, әркез жақсылыққа үндейді. Кеудесінде қазақ деген текті халыққа жанашыр сезімі болса, сахнада ескірік ессіз әндерді емес, халық әндері мен қазақ халық композиторларының есті әуендерін шырқайды. Сахнаны былапыт сөзбен былғамайды. Шын таланттың қадірін сахна өзі-ақ көрсетіп тұрады. Талантсыздарды сахна өзі кейінге шегеріп тастайды. Бұл – әуелден солай болған және солай береді де.
Жеке өз басым мәдениет саласын өндірте жазып жүрмін. Бұл салада еңбек ететін қызметкерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Бір іс-шараны өткізу үшін қаншама дайындық керек. Дайындықтағы қарбаласты айтсаңызшы. Сол бір іс-шарамен бітпейді барлығы, одан кейін де іс-шаралар легі дайын тұрады. Кез келген мереке күндері сахнада өнер көрсетіп, жұртшылыққа рухани тұрғыдан нәр сыйлайды. Сондықтан да мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген адамдардың істеп жүрген қызметін жоққа шығармаймыз. Себебі күнделікті тіршілікте олардың қызу еңбегін көріп жүрміз.
Айта берсек, сөз шіркін таусылған ба? Енді мақаламызға тұздық болсын деп, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдос Жексенұлы Базарқұловпен әңгімелесіп, ал­ған мәліметтеріміздің дерегін жазайық.
Жалпы аудан бойынша 21 мәдениет үйлері мен клуб бар. Оның 1-еуі аудандық мәдениет үйі болса, 8-і ауылдық мәдениет үйі, 12-сі ауылдық клуб. Және 1 «Зерде» бейнемобиль және «Достық үйі» тағы бар. Бұл мәдени ошақтың барлығы елдің берекесі мен бірлігін насихаттап, тұрғындарды жақсы дүниелерді қадірлеу тұрғысынан тиісті жұмыс атқарып келеді. Және ол дұрыс деп пайымдаймыз.
Көркемөнерпаздар ұжымдары мен барлық үйірмелерінің саны – 83. Оның ішінде балалар үйірмесі – 53. Осы үйірмелерге қатысатын бала саны – 782. Одан бөлек аудан бойынша 5 халықтық атағы бар ұжымдар жұмыс атқарады.
Олар: «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі, жетекшісі Рысбек Қадірқұлов, екіншісі «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблі, жетекшісі Ермахан Сегізбаев, үшіншісі Басқар Битанов атындағы халықтық театры, жетекшісі Эльмира Асылбекова, төртіншісі «Сударушка» халықтық орыс фольклорлық ансамблі, жетекшісі Любовь Левицкая және бесіншісі «Әдемі-ау» халықтық би ансамблі, жетекшісі Ләззат Жайсаңбаева. Атаулы күндері ауданда ұйымдастырылатын салтанатты жиындар мен мерекелік концерттерде барлық халықтық атағы бар ұжымдар өнер көрсетіп, халық ризашылығына бөленіп жүр. Оны өздеріңізде көріп жүрсіздер.
Жалпы 2025 жылдың I тоқсанында 187 мәдени іс-шара өткізілген екен. Сөзіміз дәлелді болуы үшін енді ұйымдастырылған іс-шаралардың бірсыпырасына тоқталып өтсек. Әйтпесе бұл мақалада барлығын жазып, қамту мүмкін емес. Мәселен, ақпан айында Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған 45 жылдық тарихы бар «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблінің «Сағындырған әсем әндер-ай!» атты жанды дауыстағы ретро концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Концерт барысында ансамбль мүшелері ретро стильдегі әндерді шырқады. Содан кейін Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде наурыз айында «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің «Шақырады көктем» атты мерекелік концерті өткен болатын. Осылайша «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің мың бұралған қыздарының биі халықты тәнті еткен жайы бар. Осы мамыр айында Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблінің жылдық есеп беру концерті өтті. Яғни, мамырдың 17-сі күні. Аталмыш іс-шараға Құлан ауылдық округінің бірқатар ардагерлері де қатысты.
Менің бір қуанатыным, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары жыл сайын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде, яғни 9 ақпанда іс-шара ұйымдастырады. Ол биыл да өтті. «Есіңе мені алғайсың» деген тақырыпта. Оған қатысып, өз көзімізбен көрдік. Білесіздер, биыл Ұлы Жеңіске де 80 жыл толды. Бұл айтулы датаға орай да Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Майдан әндері» атты байқау өтті. Енді тізе берсек, өткізілген іс-шаралар туралы тізім көп. Біз осының бірді-екілісін ғана мақалаға деталь ретінде алдық. Әйтпесе, былайша айтқанда, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде күнде іс-шаралар өтіп жатады ғой. Біз бұл мәліметтің барлығын ауадан алған жоқпыз. Яғни осы мәліметтердің барлығын осы мәдениет саласында еселі еңбек етіп келе жатқан, бүгінде аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып отырған Нұрдос Жексенұлы Базарқұлов айтып берді.

Нағыз жұмысты үйлестірушілер
Құрманғали Қожамқұлов басшылық ететін Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің жұмысын өздеріңіз де білесіздер ғой. Сол қызметкерлердің ішінде Мэлс Өзбеков атындағы аудан­дық мәдениет үйі директорының орынбасары Жадыра Жұмағұлованы, әдіскер Жадыра Ақшалованың есім­дерін ерекше атап өтуіміз керек.
Неге ерекше атаймыз? Өйткені, қарбалас тіршілік осы әдіскерлік бөлімде. Мен білемін ғой мейлі. Ал, аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараны жұртшылық көреді, қошемет көрсетеді, рухани әсер алып қайтуы мүмкін, дегенмен, оған дейінгі жұмыстың қат-қабат екенін түсіне қоюы екіталай. Яғни, сахна сыртындағы бейнеті көп тірлікті біле бермеуі мүмкін көпшілік жұрт. Сондықтан жазып отырмыз бұл азаматшаларды.
Мәселен, бір іс-шара өтті делік. Оған алдымен сценарий жазылады. Оны кім жазады? Осы әдіскерлік бөлім әрине. Сахнадағы реквизиттер, лед-экранға қандай сурет немесе видео қойылуы керек, іс-шара өткен соң, әлеуметтік желіге жариялау тағысын тағы. Айта берсек, көп. Біз атаған, яғни Жадыра Жұмағұлова, Жадыра Ақшалова осы тірліктердің барлығын жауапкершілікпен орындап жүрген азаматшалар. Айталық, Жадыра Жұмағұлованы газетке жұмысқа келгелі бері білемін десем болады. Қайбір жылы Тереңөзек ауылына Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткен іс-шараға бірге барып, тамашалағанбыз. Жол-жөнекей сонда біраз мәдениет турасында сұхбат та құрдық. Сонда жолда келе жатып, «Іс-шарамыз қалай өтер екен?» деп әжептеуір уайымдады Жәкең. КАЗГУ-де дәріс алған жылдары ұстаздарымыз «Уайымдаған адамнан бірдеңе шығады» деуші еді. Осы сөздің тектен-тек айтылмағанына мен сол сәтте көз жеткіздім. Іс-шара керемет өтті. Тереңөзек ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Кәміл Дабылбеков те жауапкершілікті түсінетін өнер иесі ғой. Есті әндер тыңдадық. Жәкеңнің де іштегі уайымы серпіліп, сол іс-шарадан марқайып қайтқан жайымыз бар.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: