Дарынды оқушылармен кездесті

41 Views

Аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше форматта маңызды кездесу өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркепов дарынды оқушылармен еркін форматта әңгімелесіп, аудан абыройын республикалық және халықаралық білім мен спорт сайыстарында лайықты қорғап жүрген дарынды оқушыларға алғысын білдіріп, алдағы белестерді бағындыруда сәттілік тіледі.
«Балалардың амандығы – мем­­лекеттің маңызды міндеті» тақыры­бында ұйымдастырылған дөң­гелек үстелге аудандық мәслихат төраға­сы Ербол Әбутәліпов аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Жасұлан Таникеев қатысты. Аталған шара республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Балалар үні» күні аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы: «Дарынды балалар – ел болашағының жарқын кепілі. Олардың заманауи білімге, отансүйгіштікке және қоғам игілігіне қызмет етуге деген ұмтылысы – біз үшін зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» деген ұстанымы біз үшін бағыт-бағдар болуы тиіс. Өркендеу жолындағы ұрпақтың жаһан­дық бәсекеге қабілетті, заманауи біліммен даралануы – ел болашағының кепілі», – деп атап өтті. Іс-шара барысында оқушылар өз ойларын еркін білдіріп, болашаққа деген көзқарастарын ортаға салды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: