Динара –жауапкершілікті жақсы түсінеді

23 Views

Кез келген қызметтің өзіндік жауапкершілігі бар. Егер түсінетін адам болса… Ал мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін адам үшін жауапкершіліктің жүгі екі есе ауыр. Өйткені бірінші кезекте елдің мүддесін ойлайсың. Себебі мұндай қағидасыз мемлекеттік қызметте еңбек ету – бос әурешілік. Біреулер «Мемлекеттік қызмет­шілердің көбі құр әншейін жұмысқа барып келеді» деп ойлайды. Ал кейбірінің көзқарасы мүлде басқа. Яғни олардың жұмыстарының сан салалы екенін жақсы біледі. Біз де солардың қатарынанбыз. Айталық, мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген көптеген адамдарды білемін. Араласып, сөйлесіп тұратындары да бар. Мәселен, мен білетін өз ісіне адал, кез келген тапсырманы жетер жеріне жеткізіп орындайтын мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын бір жан бар. Ол – Динара Оразбайқызы.
Динара Оразбайқызын осы газетке жұмысқа орныққалы бері білемін. Кейіпкеріміз – мемлекеттік қызметте 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді. Динара Оразбайқызы мемлекеттік қызметтегі алғашқы жұмысын аудан әкімі аппаратының кеңсе бөлімінде бас маман болып бастаған. Кейіннен осы бөлімде бас инспектор, бөлім басшысы болып, 10 жылға жуық еңбек етті. Қазір ол аудан әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің бас инспекторы болып қызмет істеп жүр.
Сөз арасында атап өткеніміздей, Динара Оразбайқызы өзінің қызметіне мұқият жауапкершілікпен қарайды. Оны біз өзінен де сұрадық. Оның қызметтегі басты принципі де көпшілікті ойландырмай қоймайды. «Мейлі қарапайым қызметкер бол, мейлі жоғары лауазымды басшы бол, адамдық қалпыңнан айнымай, жүректі таза қалпында сақтасаң болғаны. Яғни кез келген қызмет – мәңгілік емес. Қызмет – қолдың кірі» дейді кейіпкеріміз. Біз оған «Мемлекеттік қызметке келетін жас буын өкілдері қандай қасиеттерге ие болу керек?» деген де сауал қойдық. Ол:
– Бірінші кезекте жауапкершілік, екіншісі – адалдық, үшіншісі – жеке бастың емес, елдің мүддесі үшін еңбек етемін деген ойды жұқамыр жүрекке мықтап бекіту, төртіншісі – кішіпейіл болу, – деді.
Рас, біз кейде көп нәрсенің байыбына барып сөйлей бермейміз. Мемлекеттік қызметтің қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін сол салада жұмыс істейтін адам жақсы білсе керек. Кейде бала-шаға демей, күн-түн демей жұмыс істейтін кездер болады. Оны бірінің жанұясы түсінеді, бірінікі түсінбейді. Бір жақсысы – Динара Оразбайқызының жары да құқық қорғау саласында еңбек етеді. Яғни олар бір-бірін жақсы түсінеді. Олар осы күні 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Динара Оразбайқызы салауатты өмір салтын да берік ұстанады. Ол тоғызқұмалақ ойынынан мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық жарыстардан жүлделі орындар алған. Осындай өз ісін жетік білетін, қызметіне адал, ұжымға сыйлы адамдарды көпшіліктің де бағалағаны дұрыс деген ойдамыз.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: