Бағындырар әлі талай белес бар…

929 Views

Бағындырар әлі талай белес бар…

Қ а с и е т т і Қ ұ л а н ж е р і т у м а таланттарға бай өлке. Әсіресе, театр және кино әлемінде өзіндік орны бар жерлестеріміз жетерлік. Қазіргі таңда сахнаның саңлақтарына айналған Бақытжан Әлпейісов, Азамат Сатыбалды, Жалғас Толғанбай және ағайынды Жандарбек пен Ербол  Садырбаевтардың дара жолдарын жалғаған жастарымыз аталмыш салада еңбек етіп, көрермен көзайымына айналып жүр. Жуырда сол жас өнерпаздардың бірімен тілдесудің сәті түсті. Ендеше жерлесіміз, жас актер Азат Алақшынмен өрбіген сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

БҰЗЫҚ БОЛМАҒАНЫМДА ДӘРІГЕР БОЛАР ЕДІМ

— Азат, аудан сені жақсы тануы үшін әңгімені өзіңнің өмірдерегіңнен бастасақ…

-Мен 1992 жылы 28 наурызда Тұрар Рысқұлов ауданы, тоғыз жолдың торабында орналасқан Луговой ауылында дүниеге келдім. Отбасыма келер болсам, үйдің кенжесімін. Менен бөлек жанұямызда әке-шешем мен екі ағам бар. 1999 жылы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, сонда Ербол Әбутәліпов, Дәмет  Мұсаханова, Жанболат Алашов, Света Салғараева сынды білікті ұстаздардан білім алдым. Мектепті аяқтай салысымен Алматы қаласына келіп, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түстім. Алайда, ауылдан келген қарапайым баламыз ғой. Алғашқы курстың өзінде бұзықшылық жасап, оқудан шығуға тура келді. (Күлді). Егер бұзық болмағанымда, бәлкім, дәрігер болар ма едім. Кім білсін?

— Қызық екен! Ал, өнер саласына қалай келдің?  Қалада тұрып жатқан үйіміз театрдың жанында болатын. Театр әртістері сахналаған қойылымдарды көру үшін жиі барып тұратынмын. Осылайша өнерге деген қызығушылығым күн сайын арта түсті. Бір күні театр әртістері Жалғас Толғанбай мен Азамат Сатыбалды сынды жерлес ағаларыммен т а н ы с т ы м . О с ы а ғ а л а р ы м н ы ң берген ақылымен халық арасында «өнерпаздар шеберханасы» аталып кеткен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті болуға шешім қабылдадым. Оқу ордасында менен сынақты Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі қабылдады. Жалпы алғанда, мен Тұңғышбай Қадырұлынан көп нәрсе үйрендім десем де болады. Ол кісінің шәкірттеріне деген ыстық ықыласын жоғары бағалаймын.

СТУДЕНТ КЕЗІМНЕН БАСТАП КИНОҒА ТҮСТІМ

— Кино саласында алғашқы қадамдарыңды жасап үлгердің. Бүгінгі күнге дейін қандай фильмдерде ойнадың?

-Мен студент кезімнен бастап толық метражды киноларға түсе бастадым. Алғашқысы «Охота за призраком» фильмінде құқық қорғау органының қызметкерін сомдадым. Одан бөлек қазақ тарихынан сыр шертетін «Алмас  қылыш», «Қарасай батыр», «Глиняная яма» фильмдерімен қатар, «Күрес», «Бөрі», «Көзайым» сынды сериалдарға түсіп, кино саласына өзімнің азғантай болса да үлесімді қостым. Сонымен қатар, эстрада жұлдыздарының бейнеклиптеріне де түсіп келемін. Ғазизхан Шекербеков, Сиви Махмуди, Қанат Үмбетов, Ляззат Оразай сынды әншілермен тығыз байланыстамын.

— Елбасының бастамасымен түсірілген белгілі режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы» атты тарихи фильміне де түстің. Бұл жобаға қалай келдің?

-Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмнің кастингісіне мен досыммен бірге барған болатынмын. Дайындығым аз болғандықтан, іріктеуге қатыспауды жөн көріп, қатысушылар шоғырланған топтың шетінде тұрған едім. Кенет, топтың арасынан бір кісі келіп, менің аты-жөнімді сұрай бастады. Сөйтсем, ол кісі кастинг директоры екен. Мені кейіннен фильм режиссеры Рүстем Әбдірашевпен жолықтырды. Осылайша жобаға қабылдандым. Негізінен, түсірілім алаңында әр түрлі оқиғалар болады. Олардың басым көпшілігі режиссердің тарапынан орын алып жатады. Дегенмен, мен үшін Рүстем Жарасқанұлымен жұмыс істеу өте ыңғайлы болды. Себебі, ол кісі өз ісінің нағыз шебері.

— Алға қойған қандай жоспарларың бар?

-Болашақтың еншісіне қалдырған жоспарлар көп. Олардың барлығын іске асыру өз қолымда екендігін жақсы түсінемін. Жуырда ірі жобалар қолға алынатын болады. Дәлірек айтқанда, Түркия мен Қазақстан мемлекеттері бірлесіп ортақ туынды шығаруды жоспарлап отыр. Дәл осындай жұмыстар Үндістан мемлекетімен де жүргізілетін болады. Бұл елдерде кино саласы жақсы дамығандығы баршаға мәлім. Сондықтан да, бірінші кезекте осы ірі жобаларға қатысуды көздеп отырмын. Өзімнің кәсіби актер екенімді көрсету үшін бұл таптырмас мүмкіндік деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, мен үшін бағындырар әлі талай белес бар…

Сұхбаттасқан

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: