ҚҰЛАНДА АТҚАРЫЛҒАН ТІРЛІК КӨП

98 Views

Соңғы жылдары ауданда құрылыс қарқыны артып, инвест жобалардың саны көбейген. Мәселен 5 бірдей ауылға ауыз су жүйесі жүргізілсе, шалғай жатқан елді мекендерге спорт кешені, мәдениет үйлері және емдеу мекемелері салынған. Әсіресе аудан әкімдігі тұрғындарды тек ауыз сумен ғана емес, ағын сумен де қамту жұмыстарына мықтап көңіл бөліп отыр. Осы күнге дейін Қарақат каналының құрылыс жұмыстары жүргізілсе, алдағы уақытта тағы да 4 каналдың іргетасы қаланбақ.

Бұл туралы аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеп берді. Сондай-ақ, аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына да тоқталып, кеңінен мағлұмат берді. Жиында тұрғындар тарапынан да көптеген сауалдар қойылды. Соның бірі – көше жарығы. Құланда 90-ға жуық көше бар. Оның басым бөлігі жарықтандырылған. Аудан басшысы қаржы үнемдеу мәселесін көтеріп, алдағы уақытта ауыл тұрғындары да көше жарығына түсіністікпен қарау керектігін алға тартты.
Басқосуда жүгенсіз жүрген жануарлар, қаңғыбас иттер, мал өлексесін бей-берекет тастамау, халықты тазалыққа үйір ету, ауыз су құбырларын жүргізу, ойын алаңшаларын салу, жол жөндеу сынды мәселелер ортаға салынды. Аудан әкімі Ернар Серікәліұлы барлық сауалдарға нақты жауап беріп, сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жалпы биыл Құланда атқарылып жатқан жұмыс көп. 6 көшенің жолы жөнделсе, «Арай» тұрғын үй алқабында және Шөңгер ауылында жаңа ауыз су жүйесі тартылуда. Сондай-ақ, заманауи үлгіге сәйкес спорт кешенінің де құрылысы басталған.
Жиында бала тәрбиесі, тазалық мәселесі сөз болып, интернет алаяқтықтан сақтану жолдары да түсіндірілді. Кездесу соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, заң тұрғысынан түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: