1 ТАМЫЗДАН БАСТАП ҰЛТТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ БАСТАЛАДЫ

93 Views

2025 жылдың 1 тамызынан бастап республика көлемінде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Бұл маңызды статистикалық науқан еліміздің барлық өңірлерін қамтып, агросаланың қазіргі жағдайын жан-жақты зерделеуді көздейді.
Санақ екі кезеңде өтеді. Онлайн кезең – 1 және 31 тамыз аралығында өтіп, егін және мал шаруашылығы, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтар, сондай-ақ, елді мекендердегі аулалар қатысады. Сауалнама sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Ал офлайн кезең – 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында жүзеге асады. Онда санақшылар онлайн-сауалнамадан өтіп үлгермеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралайтын болады.
Т.Рысқұлов ауданы бойынша 13 000-нан астам аула мен 3 358 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту жоспарланып отыр.
Санақ жұмыстарын жүргізу үшін ауданға 7 нұсқаушы мен 29 интервьюер тартылмақ.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары да ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұрғындар 1446 байланыс орталығына қоңырау шалып, қажетті кеңестер ала алады.
Бұл туралы өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңесте аудандық статистика басқармасының басшысы Бақытжан Пірімқұлов мәлімдеді.
Сала басшысы баяндамасын қорытындылай келе, барлық аграрлық сала өкілдерін белсенді түрде санаққа қатысып, ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосуға шақырды.
Кеңес соңында аудан әкімі Ернар Есіркепов санақ жұмыстарының сапалы өтуі үшін нақты әрі жүйелі жоспар арқылы жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Әсіресе ұжым саны көп мекемелер мен кәсіпорындарда ауқымды жұмыстар жүргізу мүмкіндігі бар екенін айтты. Сонымен қатар ауыл әкімдері мен жауапты сала мамандарын бірлесе әрекет етуге шақырып, бұқаралық ақпарат құралдарына ақпараттық қолдауды үздіксіз жүргізу міндетін жүктеді.
Жиында өзге де мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: