Ерлік — ұмытылмайтын ұлы мұра
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамысымен «Ел үшін туған ерлер» атты облыстық байқау аясында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Жеңіс күні – Ұлы күн, есте қалар мәңгілік» атты тағылымға толы тарихи кеш өтті.
Кеш шымылдығы Кеңес Одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың ерлігіне арналған «Батыр Мәншүк» көрінісімен ашылды. Қойылым көрермен жүрегіне патриоттық рух сыйлап, Мәншүктей ер жүрек арудың бейнесін тағы бір мәрте жаңғыртты.
Одан кейін соғыс ардагерлеріне арналған арнайы бейнеролик көрсетіліп, ардақты ерлердің өмірі мен ерлігі туралы деректер назарға ұсынылды.
Кеш барысында кітапхананың белсенді оқырмандары соғыс тақырыбындағы жүрек тебірентер жыр шумақтарын оқып, көрерменнің көңіл пернесін дөп басты.
Сонымен қатар «Ерлік даңқы мәңгілік» атты мазмұнды кітап көрмесіне шолу жасалып, оқырмандар назарына батырлар туралы әдебиеттер мен естеліктер ұсынылды.
Шара соңында «Батыр Мәншүк» және «Жеңіс күні» әндері шырқалып, кештің рухани мазмұны арта түсті.
Бұл шара – Ұлы Жеңістің тарихи маңызын жас ұрпаққа жеткізетін, елдік пен ерлікті ұлықтайтын тағылымды рухани тәрбие алаңы болды.
Батырлар есімі – мәңгілік. Ерлік – ұмытылмайтын ұлы мұра. Бейбіт күннің әр сәті – батырлардың жанқияр ерлігімен келген аманат екенін ұмытпаймыз.
Ә.Искакова,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.
