Кітап – мәңгі мұра
Өткен аптада аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітап – мәңгі мұра» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Шараның мақсаты – ел болашағына бағытталған «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасын насихаттап, кітаптың мәңгілік рухани құндылық екендігін көпшілікке ұғындыру.
Шара барысында зиялы қауым өкілдері кітаптың қоғамдағы орны мен ұлттық әдебиеттің құндылығы туралы толғамды пікірлерін ортаға салып, «100 кітап» сауалнамасы арқылы оқырман өзіне әсер еткен шығармаларды ұсынды.
Сондай-ақ, кітапханашылар жүрекпен жыр оқып, руханият пен поэзияны ұштастырды. Ребус пен сөзжұмбақ арқылы әдеби ой-өріс сыналып, кітап көрмесі таныстырылып, оқырман назарына құнды еңбектер ұсынылды.
Кеш аясында «100 кітап» жобасына арналған бейнеролик көрсетіліп, әр қатысушыға ой саларлық әсер қалдырды.
Кітап – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Осындай игі басқосулар арқылы руханиятымыз нығайып, ұлттық санамыз жаңғыра бермек!
«Құлан таңы» ақпарат.
