Жас мамандарға үлкен қолдау беретін бағдарлама

242 Views

Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» заңдары, «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласының мамандарына, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығы негізінде, жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы беру және тұрғын үй сатып алуға әлеуметтiк қолдау көрсету тәртiптері айқындалады.
Ауылдардың әлеуетін арттыру үшін енгізілген бұл жоба елімізде 2009 жылдан басталып, бүгінгі таңда ауыл-аймақтарда орналасқан өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып келеді. Кадр тапшылығы мәселесін шешуге зор үлесін қосуда.
Бүгінде мемлекеттің тарапынан осы бағдарламаның көмегімен ауданға жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандар баспаналы болып, бір реттік берілетін жәрдемақы ретінде әлеуметтік көмек алып, ауданымызда тұрақты жұмыс атқаруда.
Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл-аймақтарды қажетті сала бойынша мамандармен қамтамасыз етіп, мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан 2025 жылы: көтерме жәрдемақы –100 айлық есептік көрсеткіш, баспана алуға жеңілдетілген несие 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 1% (0,01%-дан -1%-ға ҚР Ұлттық экономика министрі – Премьер-Министр орынбасарының 04.08.2025 № 74 бұйрығымен енгізілді) мөлшерiндегі сыйақысы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі беріледі.
2024 жылдан бастап ауылдық жерлерде сатып алынған үйге кредиттің мөлшері 2000 АЕК-ке дейін, ал аудан орталығынан сатып алынған үйге кредиттің мөлшері 2 500 АЕК-ке дейін өсті.
Көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы сұранысқа ие мамандықтардың және ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілерінің қалыптастырылған тізбесі бойынша өтінімдер ұсынылады.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Отбасы банкі «Дипломмен ауылға» бағдарламасының сенімді агенті болып бекітілді. Сондай-ақ, бағдарлама толығымен цифрлық форматқа ауыстырылды. Осыған байланысты барлық өтінім «оtbasybank.kz» жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады.
«Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін алдымен «otbasybank.kz» порталында тіркелу керек. Одан кейін электронды-цифрлық қолтаңбамен өтінімге қол қою қажет. Жәрдемақы мен бюджеттік кредитке де өтінішті бір мезгілде банк порталы арқылы беруге болады.
Көтерме жәрдем ақы алған кезде:
– Өтініш;
– жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
– білімі туралы диплом не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
– көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi;
Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:
– Өтініш;
– жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
– білімі туралы диплом не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
– көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi;
– неке қию (ерлі-зайыптылық) туралы куәлік не некеде тұрғаны көрсетілетін қызметті алушылар үшін цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
– кредиттік бюродан есеп.
Сатып алынатын тұрғын үй жақын туыстарынан (жұбайынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан (оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандарынан), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан, сондай-ақ, өзінің тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға тиым салынады.
Әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ, сондай-ақ, соңғы 2 (екі) жыл ішінде 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ көрсетілетін қызмет алушыларға ұсынылады.
Әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.

Аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік
жоспарлау бөлімі.

Поделиться ссылкой: