Бұл шеберлік сабағы өзгелерден ерек болды

369 Views

Аудандық ардагерлер Кеңесінің жанынан құрылған аналар кеңесі көптеген бастамаларға себепші болып жүргенін біз ұдайы айтып келеміз. Газетімізде де  аудандық аналар кеңесінің қолдауымен бала тәрбиелеу ісіне де баса мән беріліп, аудан аумағындағы балабақшаларда түрлі тақырыптарда іс-шаралар өткізіліп жүргенін жазып та жүрміз. Аудандық аналар кеңесінің қолдауымен өткен сәрсенбіде «Балауса» бөбекжай-бақшасында ұйымдастырылған «Жеті қазына – қазақ халқының рухани байлығы» деген тақырыптағы интеллектуалдық шеберлік сабағының куәсі болдық.

Іс-шараға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова және өзге де аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Іс-шара шымылдығын Қожайхан Қазыбайұлы және Түзел Селбайқызы сөз сөйлеп, ашып берді. Одан кейін бекітілген тақырып бойынша балабақша ұжымы дайындаған сценарий желісімен өрілген бүлдіршіндердің өнерін тамашаладық. Құралай Серікқызы басшылық ететін «Балауса» бөбекжай-бақшасының ұжымы бұл іс-шараға жауапкершілікті түсініп, тыңғылықты дайындалған екен. Балабақшаға берілген «Жеті қазына – қазақ халқының рухани байлығы» деген тақырып толығымен ашылды деп айтсақ болады.

Тақырып толығымен ашылды дедік қой. Сондықтан әуелі «Жеті қазынаға» нелер кіреді, соны жазып өтейік. Ер жігіт, сұлу әйел, берен мылтық, ілім білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы. Мінеки дана қазақ осыларды «Жеті қазынаға» кіргізген. Ұйымдастырушылар осы жеті кейіпкердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, оның мағынасын ашып, көрініс арқылы түсіндіріп берді. Бүлдіршіндердің де көздерінде жалын бар. Әр бүлдіршін өздеріне берілген тақпақты да нақышына келтіріп оқыды. Балабақша тәрбиеленушісі Дания Бейсенбек «Менің Отаным» әнін керемет орындаса, «Торғайлар» әнін шырқаған бүлдіршіндердің өнері де көбімізді тәнті етті. «Ақбота» ересек тобының  бүлдіршіндері сомдаған ертегі кейіпкерлерінің көрінісі тіпті сәтті шықты деуге болады. Тақпақ және мақал-мәтелдер айтқан бүлдіршіндер Алинур Ерғали, Айым Мұхаметқали, Ақтөре Арыстан,  Камила Болат, Айым Айдар, Аяжан Қалмахан, Ахмад Жомарт, Азат Бауыржан, Зейін Егіналының өнерлері де ерекше әсер қалдырды. Бүлдіршіндердің «Жігіттер», «Сылдырмақ», «Бәйге» билері де бізге қатты ұнады. Бұның артында қаншама еңбек жатқанын біз білеміз. Осы арада «Балауса» бөбекжай-бақшасы қызметкерлерінің ұйымшылдығын айтпай кетуге болмас. Барлығы бір үйдің баласындай «сенікі, менікі» деп бұра тартпай, керісінше бір-біріне қолдау көрсетіп, іс-шараны жоғары деңгейде өткізді. Интеллектуалдық шеберлік сабағын тәрбиеші Әмина Мансурова керемет жүргізді. Сондай-ақ,  Чынара Асанова, Гүлшат Махатова, Айгерім Базархан сынды тәрбиешілер бүлдіршіндермен бірге көрініс сомдады. Олардың да жүздерінен балаға деген мейірбандықты көрдік. Шара соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы және осы кеңеске мүше аналар, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов сөз сөйлеп, іс-шараға белгіленген тақырыптың толығымен ашылғанын атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.

Рас, қазір жаһандану заманы. Телефон көрмейтін бала аз. Ал сол телефондағы «Youtube»-да  небір бала тәрбиесіне жат нәрселердің барлығы самсап тұр. Бірақ біз балаға телефондағы тәрбиеге жат нәрселерді көрсетпеудің қарекетін жасауымыз керек. Ата-аналар да бала тәрбиелеу ісінде жауапкершілікті балабақша мен мектепке ысыра салмау керек. Отбасында да қазақы құндылықтар сөз болып отыру қажет. Әсіресе «Жеті қазына». Содан кейін осындай іс-шаралардың көбірек ұйымдастырылғаны абзал.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: