Заң үстемдігі және сот алдындағы теңдік – әділ қоғамның тірегі
Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың, елдің өркендеуі мен азаматтардың сенімінің басты кепілі – заң үстемдігі. Бұл ұғым тек мемлекеттік билік органдарына ғана емес, әрбір азаматқа тікелей қатысты. Заң үстемдігі орнаған жерде әділдік бар. Ал әділдік бар жерде халықтың сенімі мен елдің бірлігі беки түседі.
Бүгінгі таңда мемлекетіміздің басты мақсаты – құқықтық және әділ қоғам құру. Бұл мақсатқа жетудің ең негізгі тетігі – сот алдындағы теңдік қағидасын сақтау. Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында айқын көрсетілгендей: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең». Бұл қағида – еліміздің құқықтық саясатының іргетасы. Бұл ұстаным орындалғанда ғана халықтың сот пен құқық қорғау органдарына деген сенімі артады. Прокуратура органдары осы бағытта аянбай еңбек етіп келеді. Біздің міндетіміз – заңдардың дәл және біркелкі орындалуын қадағалау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділдік принциптерінің бұзылуына жол бермеу.
Бүгінгі қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру – аса маңызды мәселе. Себебі заңды білетін және құрметтейтін азамат өз құқығын қорғай алады, өзгенің де құқығын бұзбайды. Сондықтан әрбір тұрғыннан заңды сақтауды, құқықтық сауаттылығын жетілдіруді сұраймыз. Әділ сот шешімі – тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның мүддесін қорғайды. Сол себепті прокуратура қызметкерлері әрбір істің әділ қаралуына, сот төрелігінің заңға сай жүзеге асырылуына қатаң бақылау жасайды.
Бүгінде елімізде сот жүйесін жаңғырту бағытында көптеген оң өзгерістер орын алуда. Электронды сот төрелігі, ашық сот отырыстары, онлайн бейнетрансляциялар – барлығы азаматтардың құқықтарын қорғауға және сот жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұл – халықтың сотқа деген сенімін нығайтудың айқын көрінісі. Прокуратура органдары өз кезегінде қоғамдағы осындай оң өзгерістердің тұрақты жүзеге асуына үлес қосып келеді. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың – көпбалалы аналардың, зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау басты назарда.
Адам құқығының қорғалуы – елдің өркениеттілігінің басты көрсеткіші. Мемлекет басшысы да өз Жолдауларында заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, сот пен құқық қорғау органдарының ашықтығын арттыруды үнемі атап өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс – прокуратураның да басты назарында.
Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды заңды мүлтіксіз орындауға, құқықтық мәдениетті сақтауға және өз құқықтарыңызды қорғауда белсенді болуға шақырамыз. Есіңізде болсын «Заң бәріне ортақ – әділдік бәрімізге қажет».
Айбек Әуезбеков, аудан прокуратурасының прокуроры.
