Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Адамзат денсаулығын сақтаудың басты шарты – дұрыс тамақтану. Сондықтан тамақтануға ерекше көңіл бөлген жөн. Тамақ құрамының құндылығы басты назарда болғаны дұрыс. Сапалы және тиімді дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, ағзаның қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарылауына және ағзаның қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді.
Қалай дұрыс және сапалы тамақтану керек?
Мамандар тамақтануға қатысты мына қағидаларды ұстануға кеңес береді:
– әр түрлі тағам жеу. Мысалы ыдыстың жартысында көкөністер мен жеміс-жидек тұрса, төрттен бір бөлігіне дәнді-дақылдар, ет, сүт өнімдерінің болғаны абзал. Мұндай тағамдардың құрамында май аз, есесіне кальций, көмірсулар мен ақуыздар мол болады. Әр түрлі тағамнан аз-аздан тұтыну ағзада дәрумен жетіспеушілігін болдырмайды;
– тағамның сапасына мән беру. Тазартылған, гидрогенезделген майлары бар тағамдарды сатып алмаған дұрыс. Жергілікті жаңа піскен өнімдерді алуға тырысыңыз;
– тағам мөлшерін қадағалау. Қатты тойып тамақ жеу ішкі құрылысқа әсер етеді әрі артық салмақ қосады. Ал семіздік көптеген дерттің пайда болуына әкес соғуы мүмкін. Сондықтан калориясы төмен, бірақ құнарлы тағам жеген пайдалы. Мысалы макарон, күріштің мөлшерін азайтып, оның орнына көкөністер жеуге болады;
– дәмді тағам. Адамдардың көбісінің диетаны орта жолдан тастап кетуінің бірден-бір себебі – тағамның дәмімен байланысты болса керек. Бүгінде көп адамға, әсіресе жастарға тағам құрамындағы тұз бен қанттың, майдың көп мөлшерде болуы қалыпты болып есептеледі;
– тағамды асықпай шайнап жеу. Алдыңыздағы астың әрбір тілімінен ләззат алып, асықпай тамақтану тағамның ағзаға дұрыс сіңірілуіне, асқазан, ішек-жолдарына пайдалы;
– таңертең көп мөлшерде майлы тамақ жемеу, күндіз тойымды, ал кешке жеңіл тағам жеу. Дәл осылай тамақтану қағидасын ұстану денсаулықтың мықты болуына әсер етеді;
–тағамды 100°C-тан төмен температурада пісіру. Себебі жоғары температурада тағамның құнарлылығы азаяды. Микротолқынды пешті қолданбауға тырысу керек;
– газдалған, тәтті әрі энергетикалық сусындарды ішпеу. Мамандар мұндай сусындардың ағзаға пайдасы жоқ екенін айтады.
1.Тамақпен бірге ағзаға берілетін энергия адамның тіршілік ету кезінде жұмсайтын күш-қуатының тепе-теңдігі, басқаша айтқанда, энергия теңдестігі.
2.Ағза қажеттіліктерінің қоректік заттардың белгілі бір мөлшерде және арақатынасында қанағаттандарылуы.
3.Тамақтану режимінің сақталуы (тамақты белгілі бір уақытта және әрбір тамақтанған кезде нақты бір мөлшерде тамақ ішу).
Дұрыс тамақтану энергия теңдестігін береді. Ал адам ағзасына қажет энергия көзі тағам арқылы беріледі. Әдетте ағзаға дәрумендер жетіспесе, көңіл-күй нашарлайды, еңбекке қабілеттілік төмендейді, жұқпалы ауруларды жұқтыруға ағза бейім келеді. Осы орайда денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы дұрыс тамақтанумен байланысты екенін естен шығармаған абзал.
Неили Муликова,
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.