Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Сейсенбі күні аудан өмірінде ерекше маңызға ие бірқатар шаралар өтіп, ол жиындарда «Заң мен тәртіп» қағидатын негізге ала отырып, қоғам тыныштығы, бала қауіпсіздігі және тұрғындардың сапалы өмір салтын қалыптастыру басты назарға алынды.
Ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Қайсар Әбілекұлы Сұлтанбаев жергілікті жұртшылықпен қоғам өкілдерімен кездесіп, аудандағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Іс-шараға ішкі істер органдарының қызметкерлері, мекеме басшылары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Аудандық мәдениет үйінде өткен басқосуда аудан әкімі Ернар Есіркепов қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында іске асырылып жатқан жобалар мен жоспарлар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлан Түменбаев та 2025 жылдың 10 айындағы нақты жұмыс нәтижелерін ортаға салды. Ресми бөлімнен кейін тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жергілікті жұрт құқық қорғау қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, аудан басшылығының қолға алып отырған бастамаларына ризашылықтарын білдірді. Атап айтқанда, жиында жасөспірімдермен жұмыс істейтін инспекторлар санының аздығы және нашақорлыққа қарсы күрес жүргізетін бөлімнің жоқтығы үлкен мәселе ретінде көтерілді. Бұл проблеманы департамент басшысы міндетті түрде қолға алатынын айтты. Тіпті жақын арада мамандарға қызметтік көліктер беріліп, нашақорлықпен қарсы жұмыс істеу үшін арнайы штат бірліктері бөлінетінін айтты. Сондай-ақ, жиын соңында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және елді мекендерде «Ішімдіксіз ауыл» акциясының іске асуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды. Қайсар Сұлтанбаевтың жұмыс сапары аудан орталығындағы білім нысандарындағы қауіпсіздік деңгейімен танысумен жалғасты. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепке барған ол аудан әкімімен бірге оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың орындалуын көрді. Бейнебақылау жүйелерінің жұмысы, өткізу режимдерінің сақталуы, мектеп аумағындағы қозғалыс қауіпсіздігі, ата-аналармен және педагогтармен жүйелі түрде жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың барлығы да жіті назардан тыс қалмады. Балалардың құқықтарын қорғау, буллингтің алдын алу, интернеттегі қауіпсіздік және суицид профилактикасы да бүгінгі қоғам үшін аса маңызды бағыттардың бірі екендігі атап өтіліп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе мектеп директоры Шолпан Дайрабаеваға білім ордасынан «Жас сақшылар клубын» құру керектігін айтты. Генерал-майор сапар барысында Құлан агротехникалық жоғары колледжіне де барып, жатақхана жанындағы полиция бөлімшесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, 600-ден астам студент білім алатын колледждің материалдық-техникалық базасын да қарап шықты. Сапардың тағы бір маңызды бөлігі – Қарақат ауылындағы елді мекен тұрғындарының бастамасымен жүзеге асқан игі қадам. Аталмыш ауыл ресми түрде «Ішімдіксіз ауылдар» қатарына қосылып, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ортақ шешім қабылдады. Кездесуге облыстық департамент басшысы мен аудан әкімі қатысып, ауыл халқымен еркін сұхбат құрып, бастаманың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды. Ауыл имамы Азамат Барменов пен жастар өкілі Жасұлан Кенжебай бұл қадамның ауыл болашағы үшін маңыздылығын атап өтіп, жұртшылықты ортақ мүддеге жұмылуға шақырды. Сонымен қатар ауылдағы дүкен иелерінің ішімдік өнімдерін сатпау жөніндегі меморандумға бірауыздан қол қойды. Бұл сәт – тұрғындардың берік ұстанымын тағы да бір дәлелдеген маңызды шешім болды. Қарақат ауылының халқы қолға алған бұл бастама – тәртіп пен тыныштықты нығайтуға, тұрмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға және жастар тәрбиесіне үлес қосатын ірі әлеуметтік жобалардың бірі. Мұндай игі қадам өзге ауылдарға да үлгі болары анық. Айта кету керек, аудан басшылығы жыл соңына дейін «Ішімдіксіз ауылдар» санын одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.