Салаға қатысты жиын өтті

173 Views

Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласына арналған кеңес өтті. Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев саладағы өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.

Бүгінгі күнде ауданда 1476 шаруашылық тіркелген. Олардың жартысынан көбісі егін шаруашылығымен айналысады, қалғандары егін мен мал шаруашылығын қатар дамытуды жүзеге асыруда. Ауылшаруашылығы жерлерін тиімді басқару және пай үлестерін оңтайлы бөлу мәселелері жөнінде аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Бекжан Әбенов хабарлама жасады. Сонымен қатар ол қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтты. Сондай-ақ, жиында аудандық фитосанитарлық орталық басшысы Есен Нүрпеисов зиянкестермен күрес мәселелеріне тоқталды. Ол алдағы жылы шегірткелердің көбеюі мүмкін екенін айтып, алдын алу шараларын ерте бастан қолға алу қажеттігін атап өтті. Кеңесте «Жасмин» ауылшаруашылығы кооперативінің төрайымы Асана Шокатаева өз тәжірибесімен бөлісіп, шаруаларды біріге жұмыс жасауға, ресурстарды тиімді пайдаланып, өндірістің өнімділігін арттыруға шақырды. Сонымен қатар ол ауылдық кооперативтердің бірлескен жұмысы арқылы қиындықтарды жеңуге және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік туатынын атап өтті. Жиын соңында аудан әкімі Ернар Есіркепов шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдағы жұмыстардың бағыттарын белгіледі.

 «Құлан медиа» ақпарат.

Поделиться ссылкой: