Аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесті

295 Views

Кеше Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бекітілген кестеге сәйкес, аудан тұрғындарымен кездесті. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кездесу жиынына аудан тұрғындарынан өзге облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуде аймақ басшысы Ербол Шырақбайұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып өтті. Өңір басшысы алдымен жыл басынан бері дәл осындай кездесу жиындарында тұрғындар тарапынан 2530 сұрақ келіп түскенін, оның 1150-і шешімін тапқанын, 770 сұрақ бақылауға алынғанын назарға салып өтті. Күн райының салдары ауылшаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге біраз кедергі келтіргені рас. Оны облыс әкімі де ашық айтты. Ал өнеркәсіп, инвестиция тарту бағытында облыс өзге өңірлерден көш ілгері екені айтылды. Жамбыл облысы пияз өндіру ісі бойынша ең жоғары сатыда тұрған өңірдің бірі. Аймақта атаулы көмек алушылардың да саны жылдан-жылға қысқарып келеді. Яғни тұрғындарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар да бұл көрсеткішті қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы алғанда Әулиеата өңірі – қасиетті жер. Оны жақында ғана Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өзінің сөйлеген сөзінде айрықша атап өткен болатын.
Өңір басшысының қысқаша баяндамасынан соң мінбеге аудан әкімі Ернар Есіркепов көтеріліп, аудан аумағында атқарылған толымды тірліктерді баяндады. Ауданымыз үшін де биыл табысты жыл болды деуге болады. Осы жылы ауданда нендей тірліктер атқарылғаны аудан әкімінің баяндамасында толық айтылды. Мәселен, биыл облыс әкімінің тікелей қолдауымен И.Панфилов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің мәселесі толығымен шешілді. Аудан әкімінің бастамасымен осы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы абаттандырылып, көшеге асфальт төселді. Тұрғындар көліктерін қоятын автотұрақ та асфальтталды. Одан өзге өнеәркәсіп, инвестиция, туризм салаларында да айтарлықтар көрсеткіштер бар. Ауданның ауыл аймақтарының басым бөлігі көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ауылдық окургтердегі ауылішілік жолдардың да көбі асфальтталған. Рас, биыл ауылшаруашылығы саласында былтырғыдай көрсеткіш болған жоқ. Оның басты себебі – күн райының салдары. Ерте көктемнен қара күзге дейін жауын жауған жоқ. Сондықтан осы жиында бұл мәселе де кеңінен айтылды. Осы ретте аймақ басшысы Ербол Шырақбайұлы аудандағы шаруа қожалық өкілдерін тамшылатып суару әдісін қолға алу керектігін басты назарға алып атап өтті. Ауданымызда тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар саны жетерлік. Олардың бәрін бір жылда баспанамен қамту мүмкін емес. Кезең-кезеңімен ол мәселе де өз шешімін табатын болады. Былтыр кезек реттілігімен 160 отбасы баспаналы болған еді. Биыл 100-ден аса отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Биыл ауданымызда «Жұмысшы мамандықтар жылы», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» акциясы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, жүйелі жұмыстар жүргізілді. Ол жұмыстардың барлығы аудан әкімінің баяндамасында рет-ретімен айтылды.
Кезек «Сұрақ-жауап» кезеңіне келгенде аудан тұрғындары өңір басшысына бірқатар саулдарын қойды. Айталық, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов ауданымыздағы Б.Бекебаев атындағы орталық стадионға біраз жылдардан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмей келе жатқандығын мәселе етіп көтерсе, «Қайқы» шаруа қожалығының басшысы Сәтжан Мамырбаев Көкдөнен және Көгершін ауылдық окгугтерінің маңында орналасқан «Батыс Қытай – батыс Еуропа» автодәлізіне тиесілі көпірдің апатты жағдайда тұрғандығын айтты. Бұдан бөлек те тұрғындар өз сауалдарын қойды. Барлық сұрақтарға аймақ басшысы Ербол Шырақбайұлы рет-ретімен жауап беріп, шешілетін мәселені дем арада сол жерде айтып, қалғанын реттілігі бойынша қарастыратынын ескертті. Тұрғындардың ұсыныстары хаттамаға да енгізілді.
Кездесу жиынынан соң облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен де қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түріп, қойылған сауалдарға реттілігі бойынша нақты әрі дәйекті мысалдармен жауаптар қайырды.

Марат Диханбай.
Фото Ербол уазиевтікі.

Поделиться ссылкой: