Сержан баденов – жыл үздігі

50 Views

Журналистика мені көп адаммен таныстырып, жарастырды. Шүкір. Ол да бір қаламның құдіреті деп түсінемін өз басым. Әрине қаламың тузу болса,  әр түрлі қызметтер істеуге, бастық болуға, тамыр-таныс, аға-көке табуға журналистикада мүмкіндік мол. Ол енді  әр журналистің алдына қойған мақсат-миссиясына байланысты. Өз басым әу баста студенттік жылдардың өзінде дана Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген өсиетін қаламыма серік етіп, «мамандығыма адал боламын» деп іштей ант еткенмін. Және сол миссиямен еңбек етіп те келемін. Яғни «күнім өтсе болды,  біреуге жағайын, рулас болайын, қызметім өссе екен…» деген ниет-пиғыл менің миссияма кірмейді. Жазған дүниеміз кейіпкерлердің, оқырмандардың көңілінен шықса… Істеп жатқан жұмысымызға біреулер ақыл айтып, кедергі жасамаса… Болды. Бізге басқа ештеңенің керегі жоқ. Шын сөзім. Дегенмен «жүре берсең көре бересің» деген. Талай адамдарды да көрдік қой. Несін айтасыз…

Осындай әрі-сәрі күй кешіп отыр­ғанда ұялы телефоныма Құмарық ауыл­дық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденов хабарласты. Ел ордасы Астана қаласында екенін айтты. Сұрап білсек, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Спорт және туризм министрлігі ұйымдастырған «Жыл үздігі – 2025» спорт премиясында Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Баденов Сержан Төлешұлы «Үздік ауылдық округтің  спорт нұсқаушысы» номинациясымен марапатталып, 1 000 000 теңгелік қаржылай сертификатқа ие болғанын айтты. Сержан Төлешұлына бұл марапатты ҚР Спорт және туризм министрі Мырзабосынов Ербол Қуантайұлының өзі табыс етіпті. Суретте тұр. Құдайшылығымды айтайын, шын көңілден қуандым. Адал еңбектің бағаланғаны ғой бұл!

Секеңмен де табыстырған – осы газет. Әйтпесе оның маған, менің оған ешқандай туыстық байланысымыз жоқ. Әйтеуір жазудың арқасында біз Секеңмен танысып, жақсы араласып кеттік. Сөздің қадірін білетін, айналасына сыйлы, ең бастысы өз жұмысына адал азамат Секең. Адалын айту керек қой, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын адамдар аз қазір. Өз жұмысын біреуге артып қоятындарды қайтерсің… Осыларға қарап, күйіп-пісесің кейде. «Сөйтті екен» деп жұмыс жасамай қоюға болмайды. Адам бар күш жігерін сарқып еңбек ете беру керек. Ол түбінде бағаланады. Өз басым соған көз жеткізіп, жазып отырмын. Соның айқын мысалы – осы Баденов Сержан Төлешұлы.

Секең Құмарық ауылының жасөс­пірімдері мен жастарын спортқа бау­лып, олардың салауатты өмір салтын үйреншікті дағдыға айналдыруына ерік-жігер, күшін сарқып еңбек етіп жүр. Ауыл жасөспірімдері Секеңді ағай деп сыйлап тұрады. Олардың «Спорттық жанұяларына»  қарап қызығасың. Әр ауылдық  округтегі спорт нұсқаушылар осылай жұмыс істесе, қанеки. 

Біреулер Сержан Төлешұлының бұл жетістігін құп көрер. Біреулер «біз ше?» деп кеуде соғып, іштарлық қылар. Біреулер Секеңнің бетіне өтірік күліп, сыртынан өсек сөзді боратар. Әркімнің өз санасына қалдырдық. Жеке өз басым қатты қуандым және әділ деп есептеймін.

Менің аудандық газетте жұмыс жасап жатқаныма 12 жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар ішінде дәл осындай марапатқа ие болған ауылдық округтің спорт нұсқаушыларын көрмеппін де, естімеппін де. Сондықтан Сержан Төлешұлының бұл жетістігі ауданымыз үшін де үлкен абырой. Секең секілді турашыл, барды бар, жоқты жоқ деп бетке айтатын, жел сөзді желеу етіп, өзгелердің арамза пиғылына ермейтін, өз жұмысына адал, қызметтен адамгершілікті биік қоятын азаматтардың қатары көп болса, онда елдің көсегесі көгеріп, бірлігі де бекем болмақ. Сержан Төлешұлына алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий