Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген ауыз су мәселесі биыл өз шешімін тауып, ауыл тұрғындары таза тіршілік нәріне қол жеткізді.
Жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық болатын бұл жоба мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарын «Таразстрой – 2004» ЖШС атқарды.
Ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Ернар Есіркепов бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді толық ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқанын атап өтті.
Өз кезегінде ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жаңа жобаның іске қосылғанына дән риза болып, ел игілігі үшін еңбек еткен азаматтарға ақ батасын берді. Айта кетейік, соңғы екі жылда аталмыш ауылда спорт кешені мен дәрігерлік пункт салынып, енді міне, тұрғындар таза тіршілік нәрінен тарықпайтын күнге жетті.
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп, таза ауыз суға қол жеткізгендеріне Шөңгер ауылының тұрғындары да дән риза. Мұндағы су имаратының құрылыс жұмыстарын «Темір Строй Сервис» ЖШС жүргізген. Бүгінде аталмыш ауылдағы 230-дан астам тұрғын ауыз сумен қамтылып отыр.
Жиырма мыңнан астам тұрғыны бар Құлан ауылында да жаңа су имараты пайдалануға берілді. «Арай» тұрғын үй алқабы маңынан салынған бұл нысан аталмыш аумақтың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жобаның жалпы құны – 559,5 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Sat Construction» ЖШС атқарған. Айта кетейік, бұл – Құлан ауылындағы екінші су имараты. Оның қолданысқа берілуі жаз мезгіліндегі ауыз су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, жыл басынан бері Т.Рысқұлов ауданында Сөгеті және Мамай ауылдары ауыз сумен қамтылған. Енді бұл қатарды Рахым Сәбденов ауылымен қатар Шөңгер және Құлан ауылдары толықтырды. Осылайша Мемлекет басшысының тұрғындарды таза ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы 100 пайызға орындалып, аудан аумағында толық жүзеге асты.
Жәнібек Сұлтан.