Жол қадірін жүрген білер
Жол қадірін жүрген білер
Ауданға Асқар Қырықбаев әкім болып келгелі қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Өзіміз мекен етіп отырған Құлан ауылының өзінде қаншама жақсы жаңалықтар орын алды. Солардың ішінде орталық көшенің кеңейіп, жаңадан асфальтталғаны көңіл қуантады. Асқар Санатұлының әкімдік қызметте жүріп атқарған көптеген игі істерінің ішінен көше жолын ғана астын сызып айтып отырғаным бекер емес.
«Жол қадірін жүрген білер» демекші, күнде жүрген жолымыз болған соң көшеміздің жайы жанға батып жүр. Нақтырақ айтқанда, Құлан ауылындағы Жұмабекұлы көшесінің жөндеу көрмей келе жатқанына көп болды. Тоз-тозы шығып, көлік жүрген былай тұрсын жаяу адам зорға жүретін жағдайға жеттік. Әсіресе, жауын- шашынды кездер мен күз, көктем мезгілдерінде лайдан аяқ алып жүру мұңға айналады. Үлкендер ептеп амалдаймыз ғой, оқушыларға қиын. Толарсақтан саз кешіп мектепке, мектептен үйлеріне жеткенше киімдерінен сау тамтық қалмайды. Біз, көше тұрғындары осы жайды Құлан ауылдық округінің әкіміне барып, сан мәрте айттық. Еш өзгеріс болмады. Депутатымыз кім екенін де білмейміз. Ендігі үмітіміз аудан әкімінде. Іскер басшы ғой, мұңымызды тыңдап, өтінішімізді жерде қалдырмас деген ойдамыз.
Жабай ОСПАНОВ,
Құлан ауылының тұрғыны.