ЖАҢАТҰРМЫСТА МӘСЕЛЕНІҢ КӨБІ ШЕШІЛГЕН

159 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов ел Президентінің № 826 Жарлығына сәйкес, Жаңатұрмыс ауылдық округіне барып, жергілікті халықпен кездесу өткізді. Кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы жан-жақты баяндап берді. Жалпы алғанда жылдан-жылға аудан экономикасы да өрісті дамып, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалып жатқанын да айта кетуге тиіспіз. Оны аудан басшысы да өз сөзінде қуаттай түсіп, құрылыс, кәсіпкерлік және ауданға инвестиция тарту бағытында қыруар тірліктер атқарылып жатқанын сөз етті. Жасыратыны жоқ, өткен жылы ауылшаруашылығы еңбеккерлері үшін қолайсыз болды. Жауын-шашынның аздығынан егістік жерлерге егілген масақты дақылдардың біраз гектары орылмай қалды. Аудан әкімі осы жағына да айрықша тоқталып, келелі кездесуде шаруаларға күн райына тәуелділіктен арылып, тамшылатып суару әдісін де қолға алу қажеттігін жеткізді. Одан бөлек те аудан басшысы білім, денсаулық, мәдениет, спорт және туризм салаларын да сөз етіп, аталмыш салаларда да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Адалын айтуымыз керек, ауданнан шалғай жатқан Жаңатұрмыс ауылында көп мәселелер өз шешімін тапқан. Бұл ауылдың халқы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. 2023 жылы жаңа дәрігерлік амбулатория да салынды. Заманауи спорт кешені де бой көтерді. Жаңа су іркуіш имараты салынып, тұрғындар сапалы ауыз суды тұтынып отыр. Енді жаңа мәдениет үйі салынып жатыр. Биыл құрылысы толықтай аяқталады деп күтілуде. Ауылішілік көшелерге де асфальт төселіп, қөше жарықшамдары орнатылған. Кездесуде осының бәрі айтылды. Жаңатұрмыс ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл жұртшылығы бұл атқарылған тірліктердің барлығына да ризашылықтарын білдіріп отыр. Десе де жаңатұрмыстықтар енді ауылдағы «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе екен?» деп, аудан әкіміне сауал қойды.
Қойылған сауалға аудан әкімі ауданда 42 елдімекеннің барын жеткізіп, өзге ауылдарда шешімін таппай отырған мәселелер де жоқ емес екенін ескертіп, бұл мәселе де бақылауда болатынын айтты. Жалпы ауыл кәсіпкерлері жаңа балабақша салуға құштар болса, қолдауға дайын екенін де жеткізді. Кездесу соңында ауыл халқы аудан басшысының іскерлігі мен еңбекқорлығын жоғары бағалап, еңбекте абырой биігінен көрінуіне ниеттес екендіктерін айтты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: