Қолөнер орталығын ашу ұсынылды
Өткен аптада аудан әкімдігінде Ернар Есіркепов Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға Луговой, Құлан, Малдыбай және Көкдөнен ауылдарының тұрғындары келіп, жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.Тұрғындар тарапынан баспананы жекешелендіру, зейнетақы алу, жұмыспен қамту, спорт кешенін салу және мектеп құрылысына қатысты жеке әрі қоғамдық маңызы бар мәселелер көтерілді. Әсіресе Луговой ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Тұрсынкүл Сағымбекованың ұсынысы аудан әкімі тарапынан қолдау тапты. Тұрсынкүл әжей – ұзақ жылдар білім саласында қызмет еткен тәжірибелі ұстаз. Зейнетке шықса да, қол қусырып отырмай, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық қолөнерді жаңғыртуға үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта өзі жасаған бұйымдардың жасалу тәсілін телефонға түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы бөлісуде. Ондағы басты мақсат – жастарды қолөнерге баулу әрі білгенімен бөлісу. Сонымен қатар бұл істі тек өзі ғана емес, аудандағы өзге де қолөнер шеберлері жалғастырса деген тілегін білдірді. Ол үшін аудан аумағында талантты әрі талапты жастарға арналған арнайы орталық ашу қажеттігін атап өтті. Аудан әкімі бұл ұсынысты бірден қолдап, мәдениет, ішкі саясат және жастар ресурстық орталығының басшыларына темірден түйін түйетін, зергерлікпен айналысатын, ат әбзелдерін жасайтын, етік тігетін өнерпаздардың тізімін жасақтауды тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта олардың басын қосып, арнайы форум өткізуді қолға алу керектігін жеткізді.Жиын барысында өзге де мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Аудан әкімі жеке қабылдауға келген әрбір тұрғынға заң аясында түсіндірме беріп, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жәнібек Сұлтан.

