Қорағаты жұртшылығымен жүздесті
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы аясында Қорағаты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде Ернар Серікәліұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы айтып, атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатты. Оның ішінде инвестиция тарту, құрылыс, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бағыттарында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар қамтылды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көше жолдарын жөндеу, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жеке үйлерін көгілдір отынмен қамту, спорт кешенін салу, ағын су мөлшерін арттыру сынды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар ауыл қариялары Қорағаты ауылын ішімдіксіз ауылдар қатарына қосу керектігін айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жалпы соңғы жылдары аталмыш ауылдық округте бірқатар жұмыстар қолға алынып, тұрғындардың тілегі орындалып келеді. Атап айтқанда, Қорағаты ауылында емдеу мекемесі салынса, округ орталығында ветпункт бой көтерген. Сондай-ақ, өрт сөндіру бөлімшесіне арнайы ғимарат салынып берілді. Бұдан бөлек ауыл тұрғындары жедел жәрдем және қоғамдық көлік қызметімен қамтылып отыр. Ал Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық ауылдары таза ауыз сумен қамтылған.
Жәнібек Базылбек.

