Еңбекқор Еділбек
Еңбекқор Еділбек
№25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушылық қызмет атқаратын Еділбек Тайлақов туралы біз газетімізде көп жаздық. Оның негізгі қызметі – балалар мен жасөспірімдерге бокстың қыр-сырын үйрету әрине. Ол өз жұмысын мінсіз атқарып та жүр. Қарапайым жұртшылықтың басым көпшілігі оны марафоншы ретінде де таниды. Ұзақ қашықтыққа жүгіру – оның хоббиі. Өзі солай дейді. Әрине жүгіру, кешкілік жаяу адымдап жүрудің денсаулыққа да пайдалы екенін бәрі біледі қазір. Бірақ іске келгенде, еріншектік танытып жататын кездер көп. Ал Еділбек Тайлақов жүгіруді күнделікті дағдыға айналдырған. Жалқаулық деген ұғым – оған мүлде жат. Керісінше ол өзін әрдайым жігерлендіріп, осы спортты жетістікке жетудің негізгі көзіріне айналдырған.
Үлкен спортта жүгіру деген сөз қолданылмайды әрине. Жүгіру, үш қарғып секіру, сырықпен секіру, спорттық жүріс тағы басқа барлық спорт түрлері жеңіл атлетика деп аталатынын да жақсы білесіздер. Біз де білеміз. Бірақ көпшілікке түсінікті болу үшін әуелгі сөзді осылай бастадық. Жеңіл атлетикадан елімізде көптеген жарыстар әр түрлі категорияда өткізіліп тұрады. Мәселен, жуырда Қарағанды қаласындағы жабық кешенде ардагерлер арасында, яғни 50-54 жас аралығындағы ер-азаматтар арасында Қазақстан біріншілігі өткен екен. Бұл жарысқа әрине Еділбек Тайлақов сөзсіз қатысты. Ол халықаралық турнирлерде жүлде еншілеп жүрген атлет. Бұндай жарыстан шет қалуды ол мүлде қаламайтыны белгілі. Қарағанды қаласында ұйымдастырылған ардагерлер арасындағы ел чемпионатының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын Еділбек Тайлақовтың өзі айтып берді бізге. Өзі қатысқан қашықтықтардың видеосын да көрсетті. Видеоларды көріп, мен өзім таңқалдым шыны керек. Мықтыны – мықты деу керек енді. Айталық, 1500 метр қашықтықта Еділбек Тайлақов жүлделі бірінші орын еншілеген, уақыт көрсеткіші – 5 минут, 15 секунд. 800 метр қашықтықта да Еділбек Тайлақов жүлделі бірінші орынға ие болған, уақыт көрсеткіші – 2 минут, 34 секунд. 3 мың метр қашықтықта да Еділбек Тайлақов тағы да жүлделі бірінші орын иеленген, уақыт көрсеткіші – 11 минут, 23 секунд. 400 метр эстафеталық жарыста да Еділбек Тайлақов Жамбыл облысынан жасақталған командаластарымен бірге жүлделі бірінші орынға ие болыпты. Енді ойлап қараңыз. Осындай Қазақстан біріншілігінде 4 бірдей сында жай жүлделі орын емес, тұғыр биігінен көріну деген – шебер емей немене?
Сөз басында да айттық қой біз. Еділбек Тайлақов әр жарысқа тыңғылықты дайындалады. Жалқаулық деген – оның санасына кіріп шықпайды. Тек қана – еңбек еңбек, еңбек. Сол еңбекқорлығының арқасында ғой, жыл басында Ақтау қаласында өткен халықаралық жарыста да жүлделі бірінші орынға ие болғаны. Еділбек Тайлақов ол жарыста 10 шақырымдық қашықтыққа жүгірген екен. Сол қашықтықты 39 минутта жүгіріп өтіп, бұл жарыстан да жүлделі бірінші орын иеленіп қайтқан екен.
Еділбек Тайлақовқа «Сіз осының бәріне қалай үлгересіз?» деген сауал қойдым. Жауап қысқа әрі нұсқа.
– Әрдайым спортпен шұғылданып отыру. Күнделікті жаттығу. Әрине бірінші кезекте өзімнің негізгі қызметім – жаттықтырушылық. Дегенмен адам шын қаласа, бәріне үлгереді. Таң алагеуімнен тұрып не болмаса кешкілік міндетті түрде жүгіремін. Адам өзі жарысқа қатысқан сайын шыңдала түседі екен. Қарсыластарды да көріп, біле бастайсың. Қысқасы, жалқаулыққа ұрынбай, әрдайым дисциплина ұстап, жаттығудан қол үзбесең, бастысы, спортты жаныңа серік етсең, онда жетістікке жететінің анық, – дейді Еділбек Тайлақов.
Марат Диханбай.
