Наурыз мерекесінде тамақтан уланудан сақтанайық!
Наурыз мерекесінде тамақтан уланудан сақтанайық!
Адамның тамақтан улануы жылдың кез келген уақытында, әсіресе ұзақ мерекелер кезінде болуы ықтимал. Мерекеден кейінгі уланудың негізгі себебі – өнімдердің жарамдылық мерзімі мен дайындалған тағамдарды сақтау шарттарының бұзылуы.
Еске сала кетейік, көп компонентті балық пен ет тағамдары, майонез бен жұмыртқа қосылған салаттар, сүт өнімдерінен жасалған тағамдар, ірімшіктің жұмсақ сұрыптары, ақуыз кремі қосылған торттар үстелде 4 сағаттан немесе тоңазытқышта 2 күннен астам уақыт тұрғаннан кейін бұзылып, ауыр улануға әкелуі мүмкін.
Бүгінгі күні тамақтан улануды тудыратын бактериялардың 6 түрі бар:
– ішек таяқшалары (шикі сүт және жеткілікті пісірілмеген ет);
– моноцитогенді листериялар (шикі жемістер, құс еті, жұмсақ және қатты ірімшіктер);
– ботулизм (нашар өңделген консервіленген көкөністер мен ет);
– патогендік клостридиялар (ет немесе балық 60 градустан төмен температурада пісірілген кезде);
– сальмонеллалар (жұмыртқа, пастерленбеген сүт);
– стафилококк (пісіру кезінде жеке бас гигиенасы сақталмаған жағдайда).
Өзіңізді уланудан қорғау үшін мына негізгі ережелерді сақтау қажет:
– үйде дайындалған тағамдарды сатып алмаңыз. Рұқсат етілмеген жерлерде сатылатын дайын тағамдарды тұтынбаңыз;
– дайын тағамдарды, соның ішінде қаймақ немесе майонез қосылған салаттарды бір тәуліктен артық сақтамаңыз;
– ешқандай қоспа қосылмаған, кесілген салат компоненттерін 2 күн сақтауға болады;
торттар мен кондитерлік өнімдер тоңазытқышта 3 күнге дейін сақталады;
– үйде мерекелік тағамдарды дайындағанда, ең алдымен гигиена ережелерін сақтаңыз, үй ішіндегі тазалықты қадағалаңыз;
– тамақ дайындаған кезде қолыңызды жиі жуыңыз. Қажет болған жағдайда ас үй жабдықтарының беттерін сүртіңіз;
– азық-түліктің дұрыс сақталуына назар аударыңыз. Тоңазытқыштың бір сөресінде шикі және дайын өнімдерді қатар сақтамаңыз;
– егер сіз мерекелік тағамдарды бірден дайындағыңыз келмесе, шикі етті мұздатқышта сақтаған жөн;
–сонымен қатар дұрыс температуралық режимді және ет, жұмыртқа, мерекелік тағамдарға арналған басқа ингредиенттерді қуыру, қайнату кезінде дайындау уақытын сақтау өте маңызды;
– азық-түлікті кескенде шикі және дайын өнімдер үшін бөлек құралдарды (пышақтар, тақтайлар) қолданыңыз.
Денсаулығыңызға зиян келтірмеу үшін азық-түлікті таңдағанда мұқият болыңыз. Қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар өнімдерді ғана сатып алыңыз. Олардың жарамдылық мерзімдерін, сақтау шарттарын және дайындау ережелерін сақтаңыз.
Н. Аманкелдиева,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық бақылау, техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы.
А.Сапар,
санитариялық-гигиеналық бақылау, техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің жетекші маманы.
