Жақсылықтар жиынтығы – әз — Наурыз
Жақсылықтар жиынтығы – әз — Наурыз
Наурыз мерекесі – күллі түркі ұлысына ортақ мейрам. Осы ұлық мейрамды қазақ халқы биыл ерекше атап өтті. Ол теледидардан да айтылды, газеттерге де жазылды.
Әз-Наурызды ерекше тойлаған аймақтардың ішінде жазиралы Жамбыл өңірі де бар. Оның ішінде Наурыз мейрамы киелі Құлан жерінде де жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен абзал. Аудандық салық басқармасының жанында орналасқан орталық саябаққа 12 ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылды. Қазақы ою өрнекпен әдіптелген ұлттық киімдерімізді киген, бір-бірімен емен-жарқын хал сұрасқан ығы-жығы халық. Бір риза болғанымыз, ұлттық киімді ілгеріде үлкен кісілер ғана киюші еді ғой. Соңғы жылдары ұлттық киім киген жастардың қарасы көбейіп келеді. Біз оны осы наурыз мерекесінде де көріп, қатты қуандық.
Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов сөз сөйлеп, барша аудан тұрғындарын әз-Наурыз мейрамымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ырыс пен берекенің бастауы саналатын Наурыз мерекесінің қазақ халқы үшін құндылығы бөлек екенін тілге тиек етті.
Наурыз мейрамында жасалатын дәмді тағамның бірі – «Наурыз көже» екені белгілі. Онсыз Наурыз мерекесінің сәні болмай тұратындай көрінеді де тұрады. Содан соң мерекеге жиылған жұртшылық аудандық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Әншілер мен бишілердің де көрсеткен өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамыз. Бұл мерекеде тек өнер ғана болған жоқ, ұлттық спорттарымыз да ұлықталды. Барлық сайыстардан жүлде алған азаматтарға бағалы сыйлықтар табыс етілді Осылайша, Наурыз мейрамында Құланның аспаны әуелеген ән мен жырға бөленіп, ұлттық спортымыз ұлықталды.
Марат Диханбай.
