Қарттарын құрметтеген – ел ардақты

10 Views

Қарттарын құрметтеген – ел ардақты

 Жақында Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде осы ауылда 1951 жылы дүниеге келіп, өсіп-өнген ел ағаларының, атап айтқанда Рахманәлі Әбдіқадыров, Керімбай Теметаев, Болысбек Тайлықов, Несіпбек Ұзақбаев және Жантақбай Есбергеновтің демеушілігімен «Туған жерге тағзым – асыл аналарға сағынышты сәлеміміз» деген тақырыпта мерекелік шара ұйымдастырылды.

Көкдөнен ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тағылымы мол шараның  мақсаты – аналарға құрмет көрсету, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру екенін айта кетейік.

Мерекелік кеш шымылдығын  Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев сөз сөйлеп, ашып берді. Одан кейін мерекелік кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған ауданның құрметті азаматтары Райзо Шәділбеков пен Сәбит Садықов осы іс-шараға демеушілік танытқан іні бауырларына алғыстарын жаудырып, көкдөнендік ақ жаулықты аналарға өздерінің ізгі лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ, іс-шара барысында Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кәрбоз Ағыбаев пен Жақсылық ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов те сөз сөйлеп, Көкдөнен және Жақсылық ауылында тұратын, жастары егде тартқан бірқатар ақ жаулықты аналардың кеудесіне ауданның «Құрметті ардагері» деген белгіні тақты. Ауыл ақсақалы, өзі туып өскен Көкдөнен ауылының азаматтарына әркез қолдауын білдіріп  жүретін  Оразбай Үкібаев пен аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы, зейнеткерлер Бақыт Ажиханова, Ақыншай Әбдіқадыроваларда құттықтаушылар қатарынан табылып, лебіздерін  жеткізді. Содан соң осы мерекелік шараның өтуіне басты себепкер болған азаматтар, яғни демеушілер Рахманәлі Әбдіқадыров, Керімбай Теметаев, Жантақбай Есбергенов, Несіпбек Ұзақбаев, Болысбек Тайлықовтар сахнаға көтеріліп сөз сөйлеп, өздері өсіп-өнген ауыл халқының шынайы ықылас пейіліне, қай кезде де берекелі бірліктің үлгісін танытып, бір-біріне қолдау білдіретін ақеділ тілектестігіне ризашылықтарын білдірді.

Мерекелік шарада  аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйі көркемөнерпаздарының орындауында «Отырардағы той», «Асыл ана», «Көкдөнен тау», «Әдемі», «Келші Құланға», «Кереметім», «Келші айым», «Ананың қадірін біл», «Атамекен» сынды есті әндер шырқалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.  Тағы да айта кеткеніміз жөн, аталған мерекелік іс-шара ананы ардақтау мен туған жерді құрметтеуді дәріптеген, тәрбиелік мәні зор шара болды. Осындай игі бастамалар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге септігін тигізері сөзсіз.

 «Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий