Экочеллендж Көгершінде жалғасты

21 Views

Жақсылықта қолға алынған жарқын жоба бұл жолы Көгершін ауылында өз жалғасын тапты. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Экочеллендж» экологиялық акциясы бұған дейін Абай, Жаңатұрмыс, Қарақыстақ, Ақбұлақ, Қорағаты, Луговой ауылдарында сәтті ұйымдастырылған болатын.

Аталған жоба Көгершін ауылы тұрғындарының да белсенді қолдауына ие болды. Іс-шара барысында ауыл халқы тазалық жұмыстарына жұмыла кірісіп, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсінді. Ұйымдастырушылар тарапынан киіз үй тігіліп, дастархан жайылып, ауылдың алты ауызы шырқалып, шара ерекше сән-салтанатымен өтті.  Іс-шара аясында тал көшеттері отырғызылып, арам шөптер жұлынып, арық-атыздар тазартылды. Бұл жұмыстар ауылдың көркеюіне ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға да ықпал етті. Сонымен қатар «Мақсат» шаруа қожалығының қолдауымен арнайы техникалар жұмылдырылып, жиналған күл-қоқыс ауыл сыртына шығарылды. Тазалық жұмыстарына белсене атсалысқан тұрғындарға ыстық бауырсақтар мен түрлі тәтті тағамдар ұсынылып, олардың еңбегі елеусіз қалмады.

Айта кету керек, көгершіндік тұрғындар бұған дейін де табиғатты қорғау бағытындағы шараларға белсенді қатысып келеді. жақында бұл ауылда «Мөлдір бұлақ» акциясы ұйымдастырылып, бұлақ көздері ашылып, олардың айналасы тазартылған болатын. Жалпы «Экочеллендж» жобасы ауылдарды көркейту мен тазалықты сақтау бағытында маңызды бастама ретінде өз нәтижесін беріп келеді. Көгершін ауылындағы игі шара – соның айқын дәлелі.

Естеріңізге сала кетейік, Көгершінге бұл экочеллендж эстафетасы Луговой ауылынан келген болатын. Бастаманы қабылдап, тиісті жұмыстарды жүргізгеннен кейін ауыл әжелерінен құралған топ әсем әннің ырғағымен экоэстафетаны келесі ауылға жолдады.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий