Музыканың әлемі – Төлебаев мектебі!
21 ViewsӨткен сенбіде Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өздерінің 50 жылдық мерейтойларын атап өтті. «Шығармашылық пен еңбектің жарты ғасыры» деген тақырыпта өткен Мэлс…
Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім
Тарихымыздың қай белесінде де халқымыздың абыройын өсіріп, ұлттың мақтанышына айналған тұлғалар аз болмаған. Бірі еліне дана болса, бірі пана болған ұлы тұлғалардың есімдері біздің тарихта мәңгі алтын әріппен сақталады. Расында да ұлттың мерейін асқақтатып өсірген, келер ұрпақты мұзарт шыңдарға шақырып тұратын халықтың жақсысы мен жайсаңын біз қашанда мақтан тұтамыз. Сондай кесек мінезді болған, халқының абыройын бәрінен жоғары қойған рухты адамның бірі – Бауыржан Момышұлы десек болады.
Жуырда Каменка ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебінде Халық қаһарманы, даңқты ержүрек батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай, «Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім» атты тағылымды, танымдық, рухани еске алу патриоттық іс-шарасы өтті. Іс-шараның шымылдығын аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов сөз сөйлеп ашып, Бауыржан Момышұлының қазақ тарихындағы орны мен ерлігі, жазушылық таланты туралы қысқаша тоқталып өтті.
Одан кейін аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова сөз сөйлеп, Бауыржан атамыздың ұшқыр ойлары мен қанатты сөздерінің тәрбиелік мәні туралы, батырдың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағидасын жас ұрпақ тәрбиесінде қолданудың маңыздылығын атап өтті. Аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов Бауыржан Момышұлының соғыс кезіндегі тактикалық шешімдері мен «панфиловшылардың» ерлігі туралы деректермен бөлісті. Мектеп оқушылары Ұлбике Мұрат Бауыржан атамыз туралы прозалық шығармасын оқыса, Айбике Мақатай мен Еркеназ Шадырқұл «Қазақтың ұлы Бауыржаны» әнін, Ержан Қонысбеков «Батыр Бауыржан» патриоттық әндерін шырқады. Мектеп директоры Мақсат Исабаев іс-шараға қатысқан қонақтарға алғысын айтып, ер Баукеңнің есім-сойы қазақ барда ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Содаң соң «Таза Қазақстан» акциясының аясында іс-шараға қатысушы қонақтармен бірге мектеп бітірушілер аулаға шырша ағаштарын екті. Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да тәрбие сағаттары мен кездесулерде жалғасын таба береді.
Р.Әліпбаева,
аудандық аналар кеңесінің мүшесі.