Музыканың әлемі – Төлебаев мектебі!
22 ViewsӨткен сенбіде Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өздерінің 50 жылдық мерейтойларын атап өтті. «Шығармашылық пен еңбектің жарты ғасыры» деген тақырыпта өткен Мэлс…
Өткен сенбіде Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өздерінің 50 жылдық мерейтойларын атап өтті. «Шығармашылық пен еңбектің жарты ғасыры» деген тақырыпта өткен Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйіндегі мерейтойлық кеш көпшілікке де ұнағаны анық.
Мектеп ұжымын құттықтауға келген қонақтардың да саны көп болды. Айталық, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, облыс әкімдігі білім басқармасының мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталық басшысы Балдай Ертуғанова, ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, эстрада жұлдызы, әнші, осы музыка мектебінің түлегі Гүлнұр Өмірбаева, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Тұрар Рысқұлов аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов, кезінде осы мектепті басқарған Сейсен Бейсеуұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Дастан Көреген құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін жеткізді.
ҚР Мәдениет саласының үздігі Дастан Көреген композитор, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсенәлі Бықыбаевтың да арнайы құттықтауын жеткізіп, Дүйсенәлі Дыбысалыұлының аманатын Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасовқа табыстады. Яғни Дүйсенәлі Бықыбаев жерлесіміз Нұрлан Түменбаев пен күйші, зерттеуші Мұрат Әбуғазының «Көне Тараздың күмбірлі күйлері» атты кітабын сый-кәде ретінде беріп жіберген екен. Және де ол өз атынан «Көне Тараз күмбірі» атты партитуралар жинағын да тарту етті.
Бұл мерейтойлық кешті Бердіхан Бабасов басқарып отырған Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өте жоғары деңгейде өткізе білді. Сахнада қойылған әр нөмірге көрермендердің қалай қошеметтеп отырғанын біз де сол арада өз көзімізбен көрдік.
Шын кәсіби мамандар жұмыс істеп жүрген ұжымның әрқашанда абыройы артып, мәртебесі озық болатыны белгілі жайт. Бұл тұрғыдан алғанда Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі ұжымының өзгелерден шоқтығы биік екені тағы да ақиқат екені даусыз.
Марат Диханбай.