Отбасын қолдау  орталығы не үшін қажет?

29 Views

Отбасын қолдау  орталығы не үшін қажет?

Қоғамның негізі – отбасы. Әрбір елдің дамуы, болашағы ең алдымен шаңырақтың беріктігіне, ондағы тәрбие мен өзара түсіністікке байланысты. Дегенмен қазіргі заманда түрлі әлеуметтік, экономикалық және психологиялық қиындықтар отбасылардың тұрақтылығына әсер етуде. Осындай жағдайда отбасын қолдау орталықтарының маңызы арта түседі.

Отбасын қолдау орталығы – қиын жағдайға тап болған азаматтарға кешенді көмек көрсететін мекеме. Мұнда тұрғындар психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңес ала алады. Әсіресе  жас отбасылар, көпбалалы аналар, тұрмыстық қиындық көріп отырған азаматтар үшін мұндай орталықтар – нақты көмек пен бағыт-бағдар беретін орын.

Бүгінде көптеген отбасылар қаржылық қиындықтармен ғана емес, өзара түсініспеушілік, бала тәрбиесіндегі мәселелер, тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді күрделі жағдайлармен бетпе-бет келіп отыр. Осындай кезде орталық мамандары кәсіби кеңес беріп, мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынады. Психологтар отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға көмектессе, заңгерлер құқықтық мәселелерді түсіндіреді. Ал әлеуметтік қызметкерлер қажетті мемлекеттік қолдау түрлеріне бағыттайды. Сонымен қатар  отбасын қолдау орталықтары тек қиындықты шешумен шектелмейді. Олар алдын алу жұмыстарын да жүргізеді. Түрлі семинарлар, тренингтер, кездесулер арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттап, қоғамда салауатты қарым-қатынасты қалыптастыруға үлес қосады. Бұл – болашақ ұрпақтың тәрбиесіне тікелей әсер ететін маңызды іс.

Ауданымызда да осындай орталықтың жұмыс істеуі – тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Әрбір азамат қиындықты жалғыз еңсермей, мамандар көмегіне жүгіне алатынын білуі тиіс. Өйткені дер кезінде көрсетілген көмек – үлкен мәселелердің алдын алады. Ауданымыздағы орталықтың 2026 жылдың  5 айында атқарылған жұмысына қысқаша тоқтала өтсек, 250 отбасыны зерделеп, 110 отбасына 260-тан аса қолдау шаралары тағайындалып, көмек көрсетілді.

Қорытындылай келе, отбасын қолдау орталығы – қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтатын маңызды құрылым. Отбасы берік болса, ел де берік. Сондықтан мұндай орталықтардың жұмысын қолдау және оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – баршамызға ортақ міндет.

 Э.Жунисова, «Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің

отбасын қолдау орталығы» КММ-нің әлеуметтік қызметкері.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий