Ұлт рухын көтерген тұлға

18 Views

Ұлт рухын көтерген тұлға

Биыл көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 90 жасқа толып отыр.  Тоқсан жыл бір адамның ғұмыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихы. Олжас Сүлейменовтің өмір жолына қарасаң, қазақ халқының рухани өмірін, қоғамдағы өзгерістерді, ұлттың қуанышы мен мұңын көргендей боласың. Оның шығармалары бірнеше буынның жүрегінен орын алды. Себебі ол өлеңді жай жазған жоқ, ол халықтың жанын сөйлетті.

Олжас Сүлейменов қазақ әдебиетіне ерекше леппен келді. Оның жырларынан еркіндікке ұмтылған рух, туған жерге деген сағыныш, адамзатқа деген сүйіспеншілік сезіледі. Ол поэзияға жаңаша ой, жаңаша көзқарас алып келді. Сондықтан да оның шығармалары оқырманды бірден баурап алады. Кейде ақынның бір ауыз өлеңі бүтін бір халықтың көңіл күйін жеткізе алады. Олжас Сүлейменов дәл сондай ақын десек болады. Оның шығармаларын оқығанда қазақ даласының кеңдігі, халықтың мінезі, уақыттың тынысы сезіледі. Өлеңдері арқылы ол ұлттық рухты көтеріп қана қоймай, қазақ әдебиетін әлемге таныта білді.

Олжас Сүлейменов тек ақын емес, ұлт тағдырына бейжай қарамаған азамат ретінде де халық жадында қалды. Әсіресе  ядролық сынақтың зардабын көрген халықтың мұңын айтып, әлемге үн қатуы – үлкен ерлік еді. Ол кезде мұндай мәселелерді ашық айту – оңай болмағаны белгілі. Бірақ Олжас Сүлейменов үнсіз қалмады. Өйткені ол халқының қайғысын жүрегімен сезінді. Сондықтан халық оны тек ақын ретінде емес, ел үшін еңбек еткен тұлға ретінде құрметтейді. Оның өмір жолы жастар үшін үлкен өнеге. Себебі адамды ұлы ететін – байлығы немесе атағы емес, халқы үшін жасаған еңбегі. Қазіргі жастар оның шығармаларын оқи отырып, терең ойға шомады. Оның жырларынан адамдықты, еркін ойды, рухтың мықтылығын көреміз. Өйткені нағыз әдебиет уақытпен өлшенбейді. Нағыз шығарма жылдар өтсе де құнын жоғалтпайды. Олжас Сүлейменовтің шығармалары да сондай биік дүниелердің қатарында.

Олжас Сүлейменов – қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ руханиятын биік тұлғасы. Оның есімі поэзия әлемінде мәңгі асқақ болып тұратыны сөзсіз.

 Жұлдызай Қожабергенова,

М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің  3 курс студенті.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий