Тереңөзекте мәнді мәселелер талқыланды

29 Views

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, кеше аудан әкімі Ернар Есіркепов Тереңөзек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге ауыл тұрғындарынан бөлек, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, мекеме мен бөлім басшылары қатысты.
Жиында ең әуелі үш бірдей ауылдың басын біріктіретін Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат есеп беріп, ауыл аумағында атқарылған жұмыстарды жіктеп берді. Одан соң аудан әкімі Ернар Есіркепов сөз алып, ауылшаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту, тұрғын үймен қамту, туризм саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндады.

Кейіннен сөз кезегі тұрғындарға беріліп, жергілікті халық жер мәселесі, ауыл аумағындағы ағын суды ортақ пайдалану, үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту, ардагерлердің денсаулығын реттеу үшін арнайы квоталар бөлу, жасыл желек санын арттырып, тал-дарақтарды егу, шағын футбол алаңына жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды сұрақтарды көтерді. Сондай-ақ, тұрғындар ауылдағы төрт бейіттің қоршауын жаңғыртып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Сонымен қатар Көкарық ауылының тұрғындары ауылға мектеп салып беруді өтінді.

Аудан басшысы барлық сұраққа жеке-жеке тоқталып, бар мәселенің шешу жолдары заң аясында қарастырылатынын жеткізді.

Жиын аяқталған соң аудан әкімі Ернар Есіркепов тұрғындарды жеке де қабылдап, өтініш-тілектерге құлақ түрді.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий