Кітапханашы –мәртебелі мамандық

26 Views

Бір жолы Өрнек ауылындағы Алғабас
шағын орталықты орта мектебінің
кітапханашысына барсам, кітапханашы
Айтолқын Сәдірменова бір оқушымен
әңгімелесіп отыр екен. Байқасам, Айтолқын
оқушының оқыған кітабының мазмұнын,
ондағы кейіпкерлердің аты-жөнін,
кітаптың ұнаған-ұнамағанын сұрап отыр,
яғни оқушы кітапты түгел оқып шықты
ма, жоқ па соны білгісі келген сияқты.

Осы жерде өзімнің бала кезімдегі оқиға есіме
түсті. 7 жаста мектеп есігін ашып, әліппедегі 42
әріпті үйренген соң қазақтың ертегі дастандарын
оқып кітапқа деген қызығушылығым оянды. Кейінірек
ауылдағы кішкентай ғана кітапханаға барып, кітап
алып оқи бастадым. Сонда кітапханашы болып істеген
Күлән әкпеміз менен кітаптың мазмұнын сұрайтын,
яғни менен кітапты толық оқыды ма, жоқ па соны
білгісі келетін, тағы басқа қызықты кітаптарды
оқы деп ақыл айтатын. Мектеп кітапханашысы
Айтолқынның тірлігі тура осыған ұқсас, оқушыларды
кітап оқуға қызықтыру. Мен де газеттерде жазылып
жүргендей, «Қазір кітап оқитындар аз» деп ойлаушы
едім. Жоқ олай емес екен. Мен кітапханада отырған
жарты сағаттың ішінде келіп кеткен оқушылар көп.
Бірі кітап алып жатыр, бір кітабын өткізіп жатыр.
Өте риза болдым. Айтолқынның айтуынша, дәл қазір
350 оқушы бар екен. Кітап қоры 9670. Осының бәрі
кітапханашының еңбегі. Кішкентайынан кітап оқуға
құмар Айтолқын Тараздағы гуманитарлық училищені
бітірген соң өз мамандығы бойынша 2006 жылдан бері
осы мектепте кітапханашы болып жұмыс істейді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
айтқандай, оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін
қалыптастыруға жемісті еңбек етіп жүр. Облыс
әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата – кітап оқитын
өңір» деген бастамасын басшылыққа ала отырып,
мектепте көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырды. Атап
айтсақ, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы, Жамбыл
Жабаевтың 180 жылдығы, тағы басқа көптеген
пайдалы іс-шаралар ұйымдастырылып жүр.
Кітапхана ішінде сондай ұқыптылықпен безендірілген
«кітапхана бұрышы, мектеп кітапханасы, кітапхана –
оқырмандардың рухани демалыс орны, оқуға құштар
мектеп» сияқты бұрыштар бар. Қазақтың дуалы ауыз
зиялыларының айтқан: «Кітап – білім бұлағы, білім
– өмір шырағы», «Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің
жоқ» деген сөздер дәл қазіргі заманда өте маңызды.
Әсіресе «Адам кітап оқығанды қойған кезде ойлауды да
қояды» дегенді қос қолымды көтеріп тұрып қолдаймын.
Кітапты оқи отырып сондағы кейіпкерлердің іс-әрекетінен ненің жақсы, ненің жаман екенін түсініп,
кейіпкермен бірге қуанасың, ренжисің, күлесің. Бір сөзбен
айтқанда, кітап сені тәрбиелейді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шымкенттік
бір кәсіпкер жігіттің әңгімесін естідім. Ол былай деді:
«Мен бай адаммын, дүние, ақша, үй-жай бәрі жеткілікті.Бірақ мен өзімді нашар сезінемін. Себебі менде білім жоқ. Кітап
та, газет те оқымаймын, жора-жолдастармен бас қосқанда,
мен олардың әңгімесіне араласа алмаймын, себебі ештеңе
білмеймін, екінші сортты адам сияқтымын. Қазақта көзі ашық
деген сөз бар. Ол жан-жақты білімді әр нәрседен хабары бар
адам. Қазір кейбір жоғары білімді азаматтардың логикасына
таңғаламын. Олардың ойынша агроном бидай, арпа, жүгеріні,
зоотехник қойды, сиырды, жылқыны, директор мектепті ғана
білуі керек сияқты. Ал мен математик ретінде есеп шығаруды
ғана білуім керек. Күлкілі емес пе? Әл-Фараби бабамыз
Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанып, ғылымға өлшеусіз
үлес қосты. Әл-Фараби туралы жазылған «Ұстаздың оралуы»
деген кітапта мынандай әңгіме бар. Қаланың әміршісі өткізген
бір жиынға Әл-Фараби бабамыз кешігіп келеді. Әмірші «Өзіңе
лайықты орынға отыр» дегенде, бабамыз тура әміршінің
қасына барып отырады. «Бұл жерге неге отырдыңыз?»
дегенде, «Мен мыналардың білетінінің бәрін білем. Олар «Менің
білгенімді білмейді» – дейді. Сол заманда өңшең ғұламалар бас
қосып пікір алмасады екен. Ненің арқасы? Кітаптың, білімнің
арқасы. Әр азамат – өзінің ұлтын, Отанын, тілін сүюі керек,
ол дәлелдеуді қажет етпейтін – аксиома. Оны патриотизм деп
жүрміз. Осы патриоттық тәрбие беруде кітапқа жететін
ешбір құрал жоқ. Жас кезімде батырлар жырын оқығанда
жекпе-жекке шыққанда дұшпанның батыры «Асу да асу бел
дейді, аса бір соққан жел дейді, қарсы алдыңнан қарасам, жасың
кіші баласың, кезегімді бер дейді».
Сонда қазақ батыры «Қорамсаққа қол салды, қол салғанда
мол салды, кезегендей кезеді, созғандайын созады, қалмақты
ердің қасы деп, қақ жүректің басы деп, толғана тартып
қалады, зымырап оғы кетеді, қалмаққа таман жетеді, тоғыз
қабат сауыттың тоғызынан өтеді, одан да өтіп кетеді, бір
төбеге жетеді, дөңкиіп жатқан төбені, төңкеріп тастап
кетеді» – дейді. Осы жерді оқығанда жүрегіміз лүпілдеп,
қуанышымыз қойнымызға сыймай, бабаларымыздың ерлігіне
мақтанып «біз де сондай болсақ» деген едік. Міне, патриоттық
тәрбие. Қазіргі қалта телефондары осылай әсер ете ала ма?
Жоқ. Кітапқа жететін құрал жоқ. «Кітап – жан азығы» деген
сол.
Қорыта айтқанда, кітап оқитын ұлт болайық ағайын. Қазақ
халқы үшін құнды тарихи деректер кітапханада сақталады.
Құдайға шүкір, қазір мектеп кітапханаларында баспадан
шыққан жап-жаңа кітаптар толып тұр. Кітапханаларға
қамқорлық жасап отырған аудандық білім бөліміне мың да
бір рахмет.
Кенжебай АМАНҚҰЛОВ,
зейнеткер.
Өрнек ауылы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий