Қымыз өндірісін өркендетпек…

998 Views

Қымыз өндірісін өркендетпек…

 Жылқы мінезді қазақтың әлімсақтан бергі негізгі тіршілігі жылқы малымен тығыз байланысты болғаны тарихтан белгілі. Жылқы малының ең алғаш қолға үйретілген жері де қазақ даласы. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап өтті. Бүгінде осы ата кәсіпті қолға алып, жылқы шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлеріміз аз емес. Солардың қатарына енді Рахым Сәбденов ауылының тұрғыны Замира Елеусінованы да қосуға болады. Өткен жылдың қараша айында Тараз қаласындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Акционерлік қоғамынан 3 миллион теңге несие алған Замира сол ақшаға 7 бас аналық жылқы сатып алды. Мақсаты айқын. Жылқы басын көбейтіп, қымыз өндірісін өркендетуді көздейді. Осы мақсатқа жету үшін ол «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып алды.

– Кәсіпкерлікпен айналысуды көптен ойға алып жүр едім. Бірақ нақты бір шешімге келе алмай, күйеуім Жанат екеуміз ұзақ ойландық. Сосын ауылда тұрған адамға ең қолайлысы ата кәсіп – мал шаруашылығы екенін ескердік. Онда да төрт түліктің төресі жылқы малын өсіріп, қымыз өндірісін қолға алсақ деген тоқтамға келдік. Құдайға шүкір, қазір ойымызды іске асырып жатырмыз. Жылқылардың күтімі күйеуімнің мойнында. Қолым боста өзім де көмектесіп тұрамын,- дейді Замира Сатылғанқызы. Жылқы шаруашылығын отбасылық кәсіпке айналдыруды көздейтін Замира кәсіпкерлікпен айналысуға зор мүмкіндік беріп отырған мемлекетке, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ел Үкіметіне пәрмен берген Елбасына алғысын айтады. «Еліміздегі жағдайы төмен кез-келген отбасы «Бастау» жобасы арқылы бизнес бастай алады. Тек қана ниеттері болса болғаны» дейді ағынан жарылып. Расында да жас кәсіпкердің бұл бастамасы көпке үлгі. Ауданымызда «Замира» брендімен қымыз өндірісі өркендеп жатса, қанекей. Бастысы алғашқы қадам басталды, бұйыртса, қымыз өндірісі де көп күттірмейді деп сенеміз.

Мереке СЕЙДАШЫМ.

Поделиться ссылкой: