Құлан тұрғындары өзекті мәселелерді көтерді

5 Views

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3
наурыздағы «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу
туралы» Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан
ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.

Жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары және мекеме
басшылары қатысты. Кездесу барысында аудан басшысы халықтың өзекті
мәселелеріне тоқталып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдады.
Сонымен қатар ауданда және Құлан ауылында атқарылып жатқан жұмыстарға
кеңінен тоқталып, өңірдің даму бағыттары мен бас жоспарымен бөлісті.

Жалпы, соңғы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында
оң динамика қалыптасқан. Аудан аумағында инвестиция тарту бағытында
жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, ауданға 12,8 миллиард теңге жеке
инвестициялар тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайды. Бұл
ретте 14 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 167 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар бүгінгі күнге мемлекеттік қолдау шаралары аясында жалпы
құны 42 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан бойынша 110 мың түп ағаш
отырғызылып, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Кездесу біржақты сипатта өтпей, тұрғындарға еркін пікір білдіруге мүмкіндік
берілді. Құлан ауылымен қатар, Шөңгер елді мекенінің тұрғындары да өзекті
мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, жарықтандыру, тазалық, базар аумағын ретке
келтіру, аурухана маңындағы аялдамаға орындықтар орнату, қаңғыбас иттер
мәселесі, балалар ойын алаңдарын жаңарту, жаяу жүргіншілер жолын салу және
тұрғын үй мәселелері сөз болды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындардың көтерген мәселелері назардан тыс
қалмайтынын атап өтіп, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында нақты жұмыстар
жүргізілетінін жеткізді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары аудан басшысына ел игілігі
жолындағы еңбегі үшін алғыс білдірді.
Жиын дәстүрге сай азаматтарды жеке қабылдаумен қорытындыланды.
«ҚҰЛАН МЕДИА» АҚПАРАТ.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий