ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ АМНИСТИЯ ИНСТИТУТЫ, ОНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗЫ

32 Views

Амнистия – құқықтық мемлекеттегі ізгілік, әділеттілік және гуманизм қағидаттарына негізделген маңызды құқықтық институттардың бірі. Ол мемлекет тарапынан белгілі бір санаттағы адамдарға қатысты қылмыстық-құқықтық немесе әкімшілік-құқықтық салдарды жеңілдетуге бағытталған кешірім жасау актісі болып табылады.
Амнистияның негізгі мақсаты – қылмыс жасаған адамдарды жауаптылықтан толық босату емес, керісінше олардың түзелуіне мүмкіндік беру, қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау және мемлекеттің ізгілік қағидатын іске асыру.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері амнистия туралы заңдар әртүрлі тарихи кезеңдерде қабылданып келеді. Әдетте мұндай заңдар мемлекеттің маңызды саяси немесе тарихи оқиғаларына орай қабылданады және қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталады.
Осы ретте 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңы ерекше маңызға ие. Бұл заң қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, құқықтық мемлекеттің қағидаттарын нығайту және қылмыстық әрі әкімшілік саясатты одан әрі ізгілендіру мақсатында қабылданды.
2026 жылғы Амнистия туралы заңда рақымшылықты қолданудың тәртібі, көлемі және шектері нақты айқындалған.
Заңға сәйкес бірқатар адамдар қылмыстық жауаптылықтан немесе жазаны өтеуден босатылады. Ал кейбір сотталғандардың жазаларының өтелмеген бөліктері қысқартылады. Сонымен қатар заңда рақымшылық қолданылмайтын адамдардың санаттары да нақты көрсетілген. Атап айтқанда, терроризмге, экстремизмге, сыбайлас жемқорлыққа, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған ауыр және аса ауыр қылмыстарға, сондай-ақ, қоғамға елеулі қауіп төндіретін өзге де қылмыстарға рақымшылық қолданылмайды.
Бұл заңның басты ерекшеліктерінің бірі – оның тек қылмыстық-құқықтық қатынастарды ғана емес, сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтар саласын да қамтуында.
Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған азаматтарға қатысты амнистия институты заң деңгейінде енгізілді. Заңға сәйкес әкімшілік айыппұлдардың белгілі бір санаттары кешіріледі немесе өндіріп алу тоқтатылады. Бұл мемлекет тарапынан азаматтарға деген сенімнің көрінісі әрі әкімшілік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Сонымен бірге заң әкімшілік құқық бұзушылықтардың барлығына бірдей қолданылмайды. Қоғамдық қауіпсіздікке, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, мемлекеттік басқару тәртібіне және өзге де қоғамдық маңызы жоғары құқықтық қатынастарға елеулі зиян келтіретін құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік амнистия қолданылмайды.
Амнистияны қолдану барысында соттар әрбір істің нақты мән-жайын, сотталған адамның құқықтық жағдайын және заңда көзделген талаптардың сақталуын мұқият тексеруге міндетті. Себебі амнистияны қолдану автоматты түрде жүзеге асырылмайды. Ол заң талаптарына сәйкес құқықтық бағалау нәтижесінде ғана іске асырылады. Сондай-ақ, амнистияның рақымшылықтан айырмашылығын атап өткен жөн. Амнистия Парламент қабылдайтын заң арқылы адамдардың белгілі бір санатына қолданылады. Ал рақымшылық – Мемлекет басшысының жеке адамға қатысты қабылдайтын құқықтық актісі болып табылады.
2026 жылғы Амнистия туралы заң Қазақстан Республикасының құқықтық саясатын одан әрі ізгілендіруге бағытталған маңызды нормативтік құқықтық акт болып табылады. Заң бір жағынан қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттарын сақтаса, екінші жағынан түзелу жолына түскен азаматтарға мемлекет тарапынан гуманистік көзқарастың көрінісін білдіреді.
Әсіресе әкімшілік амнистия институтының алғаш рет заңнамалық деңгейде енгізілуі Қазақстанның құқықтық жүйесін жетілдірудегі маңызды жаңашылдықтардың бірі болып табылады. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын оңтайландыруға және құқық қолдану тәжірибесін ізгілендіруге ықпал етеді.
Жалпы алғанда аталған заң қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және мемлекет пен азаматтардың өзара сенімін күшейтуге бағытталған маңызды құқықтық құжат болып табылады.
Қ.ҚАМБАРБЕК,
аудандық
соттың судьясы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий