16 өңір және 40 мың шақырым: сайлауалды сапарлардың қорытындысы
16 өңір және 40 мың шақырым: сайлауалды сапарлардың қорытындысы
40 мың шақырымнан астам жол, 16 өңір және қарсыластарға жаңа үндеу – 15 және 16 тамыздағы сайлауалды науқан осындай көрсеткіштермен есте қалды. «Әділет» керуені экватор ұзындығынан да көп жол жүрді, ЖСДП «Ауыл» партиясына тікелей дебатқа шығуды ұсынды, ал басқа партиялар зауыттарда, егістік алқаптарында, клиникаларда, табиғи парктер мен IT алаңдарда сайлаушылармен байланыс орнатуды жалғастырды. Сайлауға бір апта қалғанда науқан өңірлерде ғана емес, қоғамдық-саяси кеңістікте де айқын көріне бастады.
«Әділет» партиясы Алматыда қаланың ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Ұлттық ғылым академиясында ғалымдар, жазушылар мен мәдениет қайраткерлері ғылымды дамыту және мәдени кодты сақтау мәселелерін талқылады. Farabi IT Hub алаңында IT қауымдастық өкілдерімен жеке кездесу өтіп, онда жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық экспорт және отандық әзірлеушілерді қолдау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ партия қазақстандық ғалымдардың Сиверс алмасының жаңа сұрыбын шығару бойынша жұмыс істеп жатқанын және оған «Әділет» атауын беру жоспарланғанын хабарлады.
«Әділетті Қазақстан үшін» партиясының мобильді керуені аралық қорытындысын жариялады: 23 күн ішінде қатысушылар 16 өңірді аралап, 40 мың шақырымнан астам жол жүрді. Бұл – экватор ұзындығынан да көп. Кестеге сәйкес, қалған күндері керуен Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы бағытын аяқтауы тиіс.

