Елдің бірлігі – ұрпаққа аманат

21 Views

Қазақ халқы үшін елдің бірлігі мен ынтымағы
әрдайым басты құндылықтардың бірі болған.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөздің мәні
бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бейбітшілік
пен тұрақтылық – ел дамуының негізгі тірегі.
Аға буын өкілі ретінде тәуелсіздіктің қалыптасу
кезеңдерін көріп, еліміздің жетістіктеріне куә
болып келеміз. Сондықтан кейінгі ұрпаққа қалдырар
ең үлкен аманатымыз – елдің тыныштығын,
тәуелсіздігін және бірлігін сақтау.
Қазақ тарихында маңызды мәселелер кеңесіп,
ақылдасып шешілген. Ел ағалары мен билер,
ақсақалдар халықтың тағдырына қатысты
мәселелерді  ортаға салып, ортақ шешімге
келген. Құрылтайдың атауынан да осы тарихи
сабақтастықты көруге болады.
23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлау
өтеді. Бұл – азаматтардың елдің қоғамдық-саяси
өміріне қатысып, өз таңдауын білдіретін маңызды
кезең. Әр азамат сайлауға жауапкершілікпен
қарап, елдің болашағына қатысты ұстанымын
білдіруі қажет.
Бүгінгі жастардың қолында үлкен мүмкіндік
бар. Білім алу, еңбек ету, кәсіп бастау, ел дамуына
үлес қосу – барлығы бейбіт әрі тұрақты қоғамда
мүмкін болады. Сондықтан жастар тәуелсіздіктің
қадірін біліп, елдің бірлігін сақтауға өз үлесін
қосуы тиіс.
Біздің кейінгі ұрпаққа қалдырар ең қымбат
аманатымыз – бірлік. Елдің берекесі мен
тұрақтылығы әр азаматтың ортақ жауапкершілігінен
басталады.
Берік ӘЛІПБАЕВ,
Құлан ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий