Ұлттық рух – ұлттың тірегі
Ұлттың рухани болмысы оның мәдениеті мен
өнерінен көрінеді. Ән мен күй, ұлттық аспаптар,
халық шығармашылығы – атадан балаға жалғасып
келе жатқан асыл мұрамыз. Оны сақтап, кейінгі
ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Музыка мектебінде қызмет атқаратын маман
ретінде өнердің бала тәрбиесіндегі маңызын
жақсы білемін. Музыкамен айналысқан бала
өнерді меңгеріп қана қоймай, еңбекке, тәртіпке,
шыдамдылыққа және жауапкершілікке үйренеді.
Ал ұлттық өнер арқылы ол өзінің тарихы мен
мәдениетін таниды.
Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарды
сақтау ерекше маңызды. Әлемдік мәдениетке
ашық бола отырып, өзіміздің ұлттық
болмысымызды жоғалтпауымыз керек. Ана тілін,
тарихын, дәстүрі мен өнерін құрметтеген ұрпақтың
елге деген сүйіспеншілігі де берік болады.
Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды
кезеңдердің бірі – 23 тамызда өтетін Құрылтай
депутаттарын сайлау. Ел болашағы туралы сөз
болғанда, оның рухани дамуы да назардан тыс
қалмауы тиіс. Мәдениет пен өнерге қолдау көрсету
– ұлттық болашаққа жасалған маңызды қадам.
Бүгін саз мектебінде домбыра үйреніп жүрген
бала ертең кәсіби өнерпаз болып, қазақ өнерін
әлемге танытуы мүмкін. Сондықтан балалардың
шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай
жасау, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру
– маңызды міндет.
Ұлттық рух отбасынан басталып, білім мен
тәрбие арқылы қалыптасады. Өнер – ұрпақты
тарихымен байланыстыратын алтын көпір. Ұлттық
рухы мықты елдің бірлігі де берік болады.
Бердіхан БАБАСОВ,
Мұқан Төлебаев атындағы балалар
музыка мектебінің директоры.

