Абсент жайлы кино түсірілсе…
ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫС
Аудандық басылымның тілшісі көтерген мәселе кино мамандарының назарына іліге ме белгісіз. Әйтеуір, санамыздағы оймақтай ойды өздеріңізге жеткізуге асықтық. Әлеуметтік желінің дамыған заманында бұл бастама тасада қалмайды деген сенімдеміз.
Қазақ халқы жылқы малын ерекше қадірлеп, құрметтей білген. Ол -тарихтан белгілі. Әрине, тарих беттерінде қазақтың атын әлемге мәшһүр еткен сәйгүліктер өте көп. Дегенмен, солардың ішінде біз үшін 1960-1970 жылдары «ХХ ғасырдың ең жұлдызды жылқысына» айналып, үш мәрте Олимпиада жүлдегері атанған Абсенттің орны ерекше.
Абсент – қазақ жерінде өсіп, аты аңызға айналған жылқы. Оның шыққан тегіне келер болсақ, әкесі 1945 жылы Мәскеудегі Қызыл алаңда өткізілген шеруге атақты маршал Григорий Жуков мінген «Араб» атты ақбоз ат болатын. Ал, шешесі таза қанды ақылтеке тұқымдас «Баққара» есімді бие еді. 1960, 1964, 1968 жылдары Рим, Токио, Мехико қалаларында өткізілген Олипиада ойындарында әлемнің әр түкпірінен жиылған жұртты өзінің сұлу жүрісімен тәнті еткен қазақ сәйгүлігінің есімі тарихта алтын әріптермен жазылуы тиіс. «Ол үшін не істеу керек?» деген заңды сауал туындайды. Ендеше, бұл сұраққа жауап іздеп көрелік.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқи отырып, Абсентке байланысты туындаған сұраққа жауап таптым. Дәлірек айтар болсам, аталмыш мақаланың «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталатын бөлімінде «Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраз дар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан, тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» — делінген. Сонымен қатар, «Атқа міну мәдениеті» бөлімінде ел тарихында жылқының ерекше орын алатыны анық айтылған. Міне, осы екі бөлімді ұштастыра отырып, «Абсент жайлы неге фильм түсірмеске?» -деген ой келді. Бұл әрине ұсыныс қана. Оны қабыл алу, ол бойынша жұмыс жасау кино мамандарының еншісінде. Иә, Абсент жайында деректі фильмдер жоқ емес, бар. Бірақ олар өткен ғасырдың жұлдызды жылқысы үшін жеткіліксіз деген ойдамын. Сондықтан, Елбасы бастамасын негізге ала отырып, толық метражды көркем фильмді жарыққа шығаруға тиіспіз. Фильм түсіру барысында сұлу да, сымбатты сәйгүліктің өмірінде кезіккен Молдаш Әмреев (Абсенттің алғашқы атбегісі), Сергей Филатов (Абсентпен бірге Олимпиада ойындарына қатысқан шабандоз) сынды азаматтардың образдарын бейнелеп, ерекше етіп көрсетуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Абсенттің әр қилы өмірін бейнелей отырып, керемет туындыны таспалауға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар, осы туынды арқылы қазақтың жылқыға жақын екендігін көрсете алатынымызға кәміл сенімдімін.
РS: Шетелдік режиссерлер осы күнге дейін көрермендерге ит жайында көптеген туындыларды ұсынды. Осылайша олар «Ит – адамның жақын досы» екендігін кино арқылы көрсете алды. Бізде осыны негізге ала отырып, жылқы малынның ерекшелігін көрсету арқылы заманауи кино өндірісіне өзіндік жол салуымыз қажет секілді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.