ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ

23 Views

ӨМІРБАЯНЫ
Жомарт Әлишер Ардақұлы 1990 жылдың 28 қыркүйегінде Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 1996-2005 жылдар
аралығында Жаңатұрмыс ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте білім алған. 2005 жылы Тараз қаласындағы
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 2009 жылы аталған
оқу ордасын тәмамдаған. 2009-2013 жылдары Жамбыл гуманитарлық техникалық университетінде информатика мамандығы
бойынша білім алған. 2008-2013 жылдар аралығында Октябрьшаруа орта мектебінде лаборант, 2014-2015 жылдары
Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің білім бөлімінде тәрбие инспекторы қызметтерін атқарған. 2015 жылы Қаныш Сәтбаев
атындағы орта мектепте әлеуметтік педагог болып еңбек еткен. 2015-2021 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінде
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2021-2026 жылдары №2 орта мектебінің директоры қызметтерін абыроймен
атқарған. Қазіргі таңда Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінің директоры қызметін атқаруда.
Отбасылы. Аяулы жары екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті сайлаушылар! Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Дүниежүзінде қаншама ел Азаттық аңсап сорлап
жүр. «Біздің ата-бабаларымыз да осы күнге жетсек» деп армандады емес пе? Өкінішке орай, алаш зиялылары азаттық үшін
күресте жазықсыз жапа шекті. Қолдан аштық жасалып, халық қынадай қырылды. Осындай қиын-қыстау кезеңнен де аман
өттік. «Бабаларымыздың ерік-жігері қандай мықты болған?» деп өз-өзіме сұрақ қоямын кейде. Ақын Жұбан Молдағалиевтің
«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген рухты сөзі айнымас шындықтың нақ өзі. «Тәуелсіздік – басты құндылығымыз»
деп айтқандығым да сондықтан. Азаттықтың қадірін бағалау керек. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елімізде бейбітшілік болса,
біз барлық қиындықтарды еңсереміз.
Қазір Қазақстан – Азияның алыбына айналды. Ел экономикасы жылдан-жылға қарқынды өсіп, дамудың даңғыл жолына
қадам бастық. Калаларда көптеген зәулім-зәулім ғимараттар салынып жатыр. Ауылдардың да жыл өткен сайын әлеуеті
артып келеді. Шүкір. Бәрі бір жылда бола салмайтыны ақиқат. Барлығы да кезең-кезеңімен реттеледі. Өз басым жарқын
болашаққа сенемін.
Жас ұлғайған сайын көп жайтты ойлайды екенсің. «Осы жасқа келгенде, мен не тындырдым?» деп өз-өзіңе іштей сұрақ та
қоятын сәттер болады екен. Менің өзін-өзі ұсыну тәртібімен №7 округтен аудандық мәслихат депутаттығына сайлауға түсіп
отырғандағы мақсатым да сол. Ел ісіне араласып, аз да болса, жұртшылыққа пайдамды тигізу және олар көтерген мәселені
аудандық атқарушы билікке жеткізу. Басқа көздеген ештеңем жоқ.
Сайлаушылар маған сенім білдіріп, қолдау көрсетеді деген ойдамын. Өйткені мен – олигарх емеспін. Қарапайым халықтың
ішінен шыққан еңбек адамымын. Көпшілік айтқан сынды көтере аламын. Егерде депутаттық мандатқа ие болып жатсам,
мені қолдаған сайлаушылардың түйткілді мәселелерін басты назарда ұстайтын боламын. Қолымнан келгенше әрекет етемін.
«Елге пайда тигізу – ерге парыз» деген ұстаным менің өмірдегі қағидатымның бірі. Сондықтан 29 қарашада өтетін
барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауында көпшілік мені қолдайды деп сенемін. Сайлауға келіңіздер,
дауысыңызды еңбекпен есейген абыройлы азаматқа беріңіздер.

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий