Ана–өмірдің гүлі

779 Views

 Ана–өмірдің гүлі

Кеше аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Ана – өмірдің гүлі» атты салтанатты жиын өтті. «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің орындауындағы «Көктем» әнімен бастау алған мерекелік кеште аудан әкімі Ерболат Садырқұлов құттықтау сөз сөйлеп, әр отбасының алтын діңгегі саналатын абзал аналарға ізгі тілегін арнады. «Жер бетінде әйел- ананы ұлықтамайтын халық жоқ» деген аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы аналардың қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Біздің ең басты байлығымыз – Егемендігіміз. Егемендігіміздің кепілі – тұрақтылық, тұрақтылықтың кепілі аналарымыздың қолында» дей келе ақ жаулықты аналарымызға өмірдің бар жақсылығын тілейтінін жеткізді.

 Құттықтау сөзден кейін аудан басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылдың 13 ақпанындағы №841 Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» алған аудандағы бір топ алтын құрсақты аналарға алтын алқасын табыс етіп, гүл ұсынды. Сондай-ақ, мерекеге орай бірнеше аналарға Жамбыл облысы және аудан әкімдерінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді.

 Өз кезегінде аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Аналар Кеңесінің төрайымы Сәуле Әденовалар сөз алып, ардақты әжелерді, аяулы аналарды, қырмызы қыздарды мерекелерімен құттықтады. «Бұл өмірдің бастауы біздің алтын құрсақты аналарымыз. Аналар болмаса, өмірде ешқандай тіршілік болмайды. Ананың ақ сүтінен нәр алып, барлық адам қоғамда өмір сүріп, бірлікпен тірлік етіп жатқаны аналарымыздың арқасы.

 Сондықтан әйелдердің, аналардың, балалардың жүзінен күлкі кетпесін» деген Қожайхан Қазыбайұлы «Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын, еліміздегі тыныштық мәңгілікке ұлассын» деп ақ батасын берді.

Салтанатты жиын барысы аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздары мен облыстық филармония әншілерінің әсем әндерімен өріліп, «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің көркем билерімен көмкерілді.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: