Ай сайын қанша төлейcіз?

410 Views

Бағдарламаның айлық  төлем мөлшері белгілі болды

 

 «Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен «7-20-25» бағдарламасын ұсынамын.»

Н.НАЗАРБАЕВ

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өткен жылы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін халық назарына ұсынған еді. Онда жалақы, газдандыру, шағын несие беру, студенттердің жатахана және баспана мәселесі кеңінен сөз болған. Қазіргі таңда аталмыш бес бастама бойынша еліміздің әр өңірінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, үндеудің бірінші бастама­сы бойынша жүйелі жұмыстар кең көлемде атқарылып келеді. Соның бірі – «7 20 – 25» бағдарламасы.

Елімізде шешімі түйіндеулі тұрған мәселелердің бірі – тұрғын үйге қол жеткізу. Сондықтан да Елбасының үндеуінен кейін «7 -20 – 25» бағдарламасы халық арасында үлкен резананс тудырып, қызу талқыға салынған еді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселені шешу үшін қарапайым халыққа қолайлы жағдай жасап, бағдарламаға бірқатар ұтымды ережелер енгізді. Ол ережелер үндеуде анық және толығымен айтылған. «Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие бола алады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7

 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін созуға болады» -деп бағдарламаның кейбір шарттарын халық назарына ұсынды. Иә, осыдан-ақ «7-20-25» бағдарламасын ең тиімді бастама деуге толықтай негіз бар. Дегенмен, қарапайым халық үйге қол жеткізгеннен кейін ай сайынғы төлемнің мөлшерін әлі күнге дейін білмейді. Сондықтан да, біз бұл жайында да сөз қозғауды жөн көрдік. Жақында республикалық арналардың бірінде (ktk.kz) төлем мөлшерлемесі жайында толыққанды жауап берілді. Мәселен, еліміздегі Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында бір бөлмелі пәтердің ай сайынғы төлемі -37 317 теңгені құрайды екен. Дәл осы қалаларда екі бөлмелі пәтерге ие

 болғандар ай сайын 50 888 теңгесін банкомат құрылғысына салуы тиіс. Ал, айына 66 154 теңгені төлеуге мүмкіндігіңіз болса, үш бөлмелі пәтердің кілті қолыңызға табысталады. Енді басқа да қалалардағы пәтер бағасына тоқталсақ. Өзге өңірлерде пәтер бағасы арзанырақ болғандықтан, бағдарлама бойынша төленетін айлық төлем мөлшері де аз болмақ. Дәлірек айтар болсақ, бір бөлмелі пәтер үшін  29 400 теңге, екі бөлмелі пәтерге 39 579 теңге төлейсіз. Үш бөлмелі пәтердің құны айына 51 453 теңгеден айналады екен.

25 жылда 300 ай болатынын ескерсек, алған пәтеріңіздің толық бағасында шығаруға болады. Ендеше оны да саралап көрелік. Еліміздің бас қалалары саналатын Астана, Алматы,  Ақтау, Атырауда бір бөлмелі пәтердің құны 11 миллион 195 мың бір жүз теңге болса, екі бөлмелі пәтер 15 мил­лион 200 мыңнан асады екен. Ал, үш бөлмелі пәтер 20 миллионға дейін жетеді. Айына 29 400 теңге төленетін пәтердің құны 9 миллион болса, 39 мың теңгенің пәтері 12 миллион теңгеге жуық болмақ. Ал, 30 күнді араға тастап, 51 мың теңге төленетін пәтердің бағасы 15 миллионнан асып жығылады. Бірақ ескеретін бір жайт бар. Бұл жерде алдын ала төленетін 20 пайыз төлемді де қосуыңыз керек. Сонда ғана пәтеріңіздің толық бағасы белгілі болмақ.

Ел арасында алдын ала берілетін 20 пайыз тым көп дейтіндер де бар. Осы жерде ел үкіметі 20 пайыздық төлемнің 10 пайызы субсидияланатынын ескерген жөн. Сонымен қатар, еліміздің Ақтөбе және Түркістан облыстарында «Жастар жылына» орай «7-10-25» бағдарламасы қолға алынып, еліміздің жас буын өкілдері баспана­лы болып жатқан жайы бар.

«7-20-25» бағдарламасына еліміздің әрбір азаматы қатыса алады. Бірақ үйлі болам деп өтініш берген кезде азаматтың басында жеке баспанасы мен басқа ипотекалық қарызы бол­мауы керек. Сонымен бірге, ресми табысының болуы негізгі шарттардың бірі.

Бағдарлама миллиондаған қазақстандық үшін баспана алуға мүмкіндік берері анық. Тек бұл ғана емес, сонымен қатар, құрылыс саласын да қайта жандандырмақ. Мыңдаған адамға жұмыс орындары ашылып, экономика мен шағын және орта бизнестің өрістеуіне серпін берері айдан анық.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.  

Поделиться ссылкой: