Қазақ болып тумағанда не етер ем?…
Қазақ болып тумағанда не етер ем?…
Таңдағы тәтті ұйқының құшағында жатқан Әнелдің мұрнына ұйқыдан да тәтті бір иіс келіп жетті. Көзін ашқанда күн нұрынан тараған көмескі сәуле үй ішін әдлеқашан жаулап алған екен. Бүгін әдеттегіден ерекше жеңіл оянғанына балаша қуанып, еркін созыла бастады.
Ж а н а р ы н а ш а ғ ы л ы с қ а н к ү н шуағынан көзін көлегейлей сыртқа шықты. Даланың таза ауасын жұтқан сайын көкірек сарайы ашыла түсіп, бойы жеңілдеп сала берді. Анадай жерде үлкен қара қазанға бауырсақ пісіріп жатқан әжесі Әнелді көріп:
— Үүүйй айнааа-лайын, әжесінің ботасы тұрыпты ғой. Кел, келе ғой, — деп он үш жыл көрмеген немересінің маңдайынан құшырлана иіскеп, сүйе бастады. Әжесінің ыстық мейіріміне бөленген Әнел ішінен менің де ақ жаулықты асыл әжемнің бар болғаны қандай жақсы деп ойлады. Әжесінің әжім тарамдаған қолдарымен алтын түстес топ-томпақ бауырсақтарды қазаннан түсіріп жатқанына қарап тамағын бір жұтынып қойды. Иісі мұрын жарар осы бір бауырсақтан дәм татуға асығып, жуынып келуге жүгіріп кетті.
— Бүгін жаңа күннің бастауы, ынтымақ пен бірліктің, береке мен жылулықтың еселенетін күні – Ұлыстың ұлы күні. Алла тағалам елімізге амандық, шаңырағымызға береке-бірлік беріп, көктей көктеп өсіп-өркендеуді нәсіп еткей. Наурыздан наурызға төрт көзіміз түгел, аман-есен жете берейік. Ә-әумин.
Дастарханда отырғандар да түгел әумин десіп бет сипасты. Шалы қайтқалы бері шаңыраққа батаны өзі беріп, өзі қайтаратын Алтынкүл әже үшін бүгінгі мерекелік бата беру үлкен мәртебедей еді.
Мектепте жыл сайын қайталанатын «Наурыз мейрамы» жайлы шығарма жазып қана қоятын Әнел мерекенің дәл осылай жанына ерекше жылулық сыйлайтынын сезбеген еді. Ал айтулы мерекенің ең басты ас мәзірі – наурыз көженің дәмін татқандағы әсерін айтып жеткізу тіпті мүмкін еместей.
Тәбет ашар қышқылтым иісі бар сап-сары құрттың біреуін аузына салғанда қаланың құрт деп сататын әк араластырған ащы домалақтарын жеп алданып жүргенін түсінді. «Міне, нағыз құрт!», — деп қуанышты даусымен еріксіз айғайлап жібергенін аңғармай қалды.
А у ы л ү й і қ а н д а й к е р е м е т ! Ауылға келгелі темір тордан босаған көгершіннің күйін кешкендей еркіндікті сезінді. Айқара ашылған есіктерді қақпастан мәре-сәре боп кіріп-шығып жүрген көршілер. Орта тұстағы жазық алаңда «Наурыз мерекесіне» арнайы үлкен дайындық жүріп жатыр екен. Нағыз қызық енді басталатынын сезген балаң жүрек қуаныштан жиілеп соғуда.
Әкесінен айырылғанда Әнел небәрі үш жаста ғана еді. Әкесінің жылын бергеннен кейін анасы Ресейдегі таныстары арқылы жұмыс таптым деп мұны да бірге ала кеткен. Жоғары сыныпқа аттанар шағында өз еліне келгенмен, ауылға қайтпай қалада тұрақтап қалды. Батысқа еліктеп қаладағы қыздарша шашын қимағанына Әнел бүгін шын қуанды. Олай болған күнде әжесі берген асыл тастар мен ғажайып өрнектері бар сылдыр үнді шолпыны таға алмас еді-ау. Жеңгесі әсемдеп өріп берген қос бұрымына әжесі сыйға тартқан шолпыны ақырын алып таға бастады. Айнадағы өз бейнесіне қарап тамсанған Әнел ішінен «Иә, қазақ болып тумағанда не етер ем?!», — деп қиықтай қасын көтере нәзік қана жымиып, сыртқа жүгіре жөнелді.
Нұршат ЕРСАЙЫН.