«Шаңырақтың» шапағаты
Аудан орталығындағы «Шаңырақ» дүкенін білмейтін тұрғын кемде-кем шығар. Дегенмен, аталған дүкеннің жаңа дәстүрін білетіндер көп емес. Мұнда жұма сайын әр тұтынушыға 2 нан тегін үлестіріледі, яғни, қасиетті күнде нан сатып алуға келгендерге 2 нанның ақысы кері қайтарылады.
Бұрын бір аңыз естіп едім, сол аңызды оқырмандармен де бөлісе кетейін… Өткен ғасырларда бір келіншек өмір сүріпті. Әлгі келіншек сырқат болса керек, дертіне дауа таппай, бір тәуіпке барыпты. Әлгі тәуіп оған «сенің дертіңнің шипасы жоқ, көп ұзамай бұл өмірмен қоштасасың» деп одан сайын көңілін түсіріп, қайтарып жіберіпті. Сол күннен бастап науқас келіншек күн сайын 7 шелпегін пісіріп, жарлы-жақыбайларға, көрші-қолаңға тарата берген екен. Арада біраз айлар өтеді, күн санап ол да сырқатынан айыға бастайды. Тәуіптің айтқан межелі уақыты өткен соң, әлгі келіншек тәуіпке келеді. «Осы уақытта дүние саласың деген уақыт та өтті. Сонда, маған өтірік айтқаныңыз ба?» — дегенде, тәуіп оған: «сен Алланың разылығы үшін үнемі 7 нан пісіріп, кедей-кепшіктерге, таныс- тамырларға таратып, Алла жолында садақа беріпсің. Ал сол нанның көптігі сондай: жаныңды алуға келген жан алушы періште тау болып үйілген ас атасын аттай алмай, кері қайтып кетіпті» — деп жауап берген екен. Әрине, айтылған аңыздың рас-өтірігін білмейміз, дегенмен, қайыр-садақа беру – әр мұсылманның асыл қасиеті, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті емес пе? Бұл аңызды әңгімелеуімнің себебі неде дейсіздер ғой, «Шаңырақ» дүкеніндегі игі істі көріп, осы бір аңыз есіме түсті. Себебі, бұл дүкеннің иесі де көпке үлгі боларлық әрекет жасап отыр.
«Шаңырақ» дүкенін 2017 жылы «Шалқар» шаруа қожалығының иесі Шалқар Тукеев сатып алған. Содан бері бұл дүкенге қай уақытта барсаңыз да, адам ізі үзілмей келеді. Себебі, аталған дүкеннің басқадан басты айырмашылығы – қашан барсаңыз да тұтынушыларды жайдарлы қалпымен күтіп алады. Танысын, танымасын, дүкенге аяқ басқан әрбір тұтынушыға жылы шырай танытып тұратын сатушылардың сый-құрметіне разы боласыз. Дүкеннің иесі – Фарида Оңғарбаева. Фарида 6 баланың анасы, аяулы жар, инабатты келін. Үнемі жайдары жүзінен шуағы төгіліп тұратын Фарида Нағашбекқызының әдемі әзілі, тұтынушыларға көрсеткен құрметі тұрғындардың көңілінен әсте шығары анық. Басқасын былай қойып, осы бір игілікті ісі жайлы әңгімелеп көрейікші…
Дүкенге әр жұма сайын 300-ге жуық нан келеді екен. 2018 жылдан бері исі мұсылманның қадір тұтқан күнінде ас атасын тегін үлестіргені талайға үлгі боларлық әрекет, әрине. Кейбір әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін мұның өзі аз да болса, көмек қой. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін игілік емес пе бұл?
Осындай қайырымды шараларды үлгі етіп, көптің құлағына жеткізіп, көкейге ой салу – біздің міндет. Ал ғибрат алу – саналы ұрпақтың, көзі қарақты оқырманның еншісінде…
САЛТАНАТ ҚАРАСАЕВА.