ШАПАҒАТТЫҢ АРМАНЫ – ШАХМАТТЫҢ СЕРКЕСІ БОЛУ

883 Views

Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Шапағат Қонысбай 2004 жылы Луговой ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жастайынан зерек әрі алғыр болып өскен Шапағат 5 жасынан бастап шахматтан аудандық деңгейдегі жарыстарға қатысқан.

Ең алғаш шахматты әкесі Сағыныш Сейтқұловтан үйренген Шапағаттың қоржынында облыстық, республикалық және халықаралық турнирлерден жеңіп алған көптеген медальдарымен дипломдары бар. Атап айтсақ, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен XII ел ішілік шахмат турнирінде 13 жасқа дейінгі ұлдар арасында II дәрежелі дипломмен марапатталды. Классикалық шахматтан облыстық чемпионатта 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында жүлделі I орынға, сонымен бірге ол XIV Азия чемпионатында 14-15 жас аралығында жалпы командалық есепте үш бірдей күміс медальға қол жеткізген. Қазіргі таңда білікті оқушы Жандос Адибаевтан тәлім алады.

«Талпынған жетер мұратқа» демекші, күніне 4-5 сағатымды дайындықта өткіземін. Бос уақытымды барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Шахмат-бұл ой-өрісіңді дамытатын спорт түрінің бірі. Сондықтан да ойын барысында тәуекелге бармай, ең бірінші ақылмен ойланып, нақты қадам жасаймын. Болашақта әлемдегі таңдаулы шахматшылардың бірегейі болғым келеді. Және сол мақсатыма жету үшін барымды салатын боламын, -деді оқушы ішкі сырын бөлісіп.

Фарида Жақсымбет.

 

Поделиться ссылкой: