АУДАН ӘКІМІ АНТАЛИЯДА АЛТЫН ЕНШІЛЕГЕН ЖЕРЛЕСІМІЗДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

722 Views

Кикбокстан әйелдер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, жерлесіміз Ақерке Наурызбаева Қостанайда өткен биылғы ел біріншілігінде топ жарған болатын. Енді міне, соққысы жойқын Ақерке қызымыз Түркияның Анталия қаласында жалауы желбіреген Еуропа чемпионатынан да жүлделі I орынмен оралып отыр. 56 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын кикбоксшы қыз Анталияда 3 рет рингке көтеріліпті. Алғашқы кездесуінде иорданиялық қарсыласын оңай ұтса, екінші айналымда норвегиялық кикбоксшы ару да Ақкеркенің жылдам қарқынына төтеп бере алмаған. Ал финалда Түркия елінің намысын қорғаған сыралғы қарсыласын өз Отанында өткен айтулы жарыста жеңіп, тұғыр биігінен көрінді. Осылайша әлемнің 29 мемлекетінен 2400 спортшы қатысқан Еуропа чемпионатында Құланның қайсар қызы Қазақ елінің абыройын асқақтатып, Туымызды көкте желбіретті.

Кеше аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жерлесімізді арнайы қабылдап, айтулы жеңісімен құттықтады. Өз сөзінде Ерболат Салқынбекұлы:

– Түркиядағы Еуропа чемпионатында топ жарып, қазақ спортшыларының мықты екенін дәлелдегенің үшін саған үлкен алғысымды білдіремін. Сен біздің ауданның жасөспірім ұл-қыздары үлгі тұтар бірегей спортшысысың. Денің сау болып, жарақаттан аман жүргейсің. Әрдайым биік шыңдардан көріне бер,-деді. Ең алғаш спортты бокстан бастаған Ақерке қазіргі таңда Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт кешенінде Сәбит Усиповтың қол астында жаттығады. Алғашқы б а п к е р і б ү г і н г і т а ң д а е с і м і елге белгілі, талай талантты б о к с ш ы л а р д ы ң т о м а ғ а с ы н сыпырып, додаға қосқан Бақытбек  Толымбетов екенін атап өткен жөн. Алдағы уақытта Ақерке Наурызбаева Кореяда өтетін Азия чемпионатына қатысады. Одан кейін, қараша айында Анталияда болатын әлем біріншілігінде де жерлес аруымыз өз бағын сынайды. Осы жарыстарда Ақеркеге тек қана сәттілік жолдас болсын дейміз.

Біздің анықтама

Ақерке Наурызбаева 1995 жылы 18 тамызда Қарақат ауылында туған. 14 жасынан бастап, кәсіби түрде спортпен шұғылданып келеді. Ата-анасы 6 қыз тәрбиелеп өсірген. Ақерке – қыздардың ішіндегі төртіншісі. Октябрьшаруа, Гагарин, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептерінде білім алған. Тараз қаласындағы «Парасат» колледжін тәмамдаған. Мамандығы – денешынықтыру пәнінің мұғалімі. 2017 жылы кикбокстан Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ, Түркіменстан астанасы Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының да алтын жүлде иегері. Кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан спорт шебері, кикбокстан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: