Биыл ауданда 14 000 тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі Биыл

686 Views

Мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек мәселесі жайындағы материалдар мерзімді баспасөз беттерінде жиі жазылып жүр. Өткен жұмада аталмыш тақырып турасында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен алқалы жиынға біз де қатысқан едік. Жиынға әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген екі ауданның (Меркі және Тұрар Рысқұлов) маман  дарынан өзге ауыл әкімдері де қатысты. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Берік Шамаевтың төрағалығымен өрбіген бұл басқосуға облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақмарал Ділдәбекова арнайы келіп, дәйекті мағлұматтар айтты.

– Өздеріңізге белгілі, тұрғындарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек бойынша ел Үкіметі қыруар қаржы бөліп отыр. Осылайша бұл –әлеуметтік 

 жағдайға байланысты аз қамтылған отандастарымыздың тұрмыс сапасын біршама жақсартады деп күтілуде. Мәселен, былтыр өңірімізде 74 517 тұрғынға атаулы әлеуметтік жәрдемақы берілген. Ал, Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша 6547 тұрғын мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақы алған. Биыл сіздердің аудандарыңызда бұл меже екі есеге көбейіп, жалпы жиынтық саны 14 мыңнан асады деген мәлімет бар», -деді Ақмарал Аманжолқызы.

 Жиын барысында көптеген мәселелер сөз болды. Тіпті қатысушылар тарапынан жиі-жиі сұрақтар қойылып отырды. Мәселен, Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков мынадай мәселені сөз етіп, сауал қойды: «Мемлекеттік қызметкер әйел азаматша. Айналасы 70-80 мың айлық алады. Жұбайымен заң жүзінде ажырасқан. Бірақ бір аулада тұрады. Келіншектің 6 баласы бар. Азын-аулақ малдары да жоқ емес. Дегенмен ол күйеуінің атында. Сол кісі бізге атаулы әлеуметтік көмек бойынша құжат өткізді.Мұндай жағдайда не істеу керек?». Бұл сұрақты байыппен тыңдаған Ақмарал Аманжолқызы: –237-қағидада «Заңды ажырасып кетсе де, бірақ сол үйдің отбасы мүшесінің де табыс сомасы есепке алынады» деп жазылған яғни, қанша жерден заңды түрде ажырасса да, бір үйде тұрып жатқандықтан ол келіншектің күйеуінің табысы да есептеледі» деп жауап берді. Жиында бұдан басқа да сауалдар қойылып, оларға облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басщысы Ақмарал Ділдәбекова нақты мысалдарға сүйене отырып, дәйекті ақпараттарды жеткізе білді.

Марат ДИХАНБАЙ.

СУРЕТТЕ: облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды

 үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар

басқармасының бөлім басшысы А.Ділдәбекованың

 аудан жұртшылығымен кездесу сәті.

 

Поделиться ссылкой: